Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетел азаматтарына маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды qaznews.kz.
Ведомство құжаттарды рәсімдеуді жеделдетуге немесе тестілеу нәтижелеріне ықпал етуге уәде беретін делдалдардың әрекетінен сақ болуға шақырды.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік қызметтердің барлығы заң талаптарына сәйкес көрсетіледі. Сондықтан КАЗТЕСТ жүйесі бойынша тапсырылатын тест нәтижелерін немесе құжаттарды қарау қорытындысын қандай да бір сыйақы үшін өзгерту мүмкін емес.
Осыған байланысты шетел азаматтарына тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, бейтаныс адамдарға ақша бермеу ұсынылды.
Ведомствоның түсіндіруінше, қандас мәртебесін алу немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат (ТТР) рәсімдеу кезінде міндетті кезеңдердің бірі – КАЗТЕСТ жүйесі арқылы онлайн тестілеуден өту. Бұл сынақ үміткердің қазақ тілін күнделікті өмірде қолдану деңгейін бағалауға бағытталған.
Министрлік азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болып, барлық қызметтерді тек заңды тәртіппен алуға шақырды.


