Сәтбаев университеті мен Қазақстанның еркін экономикалық аймақтар қауымдастығы стратегиялық серіктестік туралы негіздемелік келісімге қол қойды, осылайша Қазақстанның индустриялық саясатын дамытуда жаңа кезеңнің басталуына жол ашты, деп жазады QazNews.kz
Қауымдастық төрағасы Ербол Бұхарбаев пен Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев қол қойған құжат арнайы экономикалық аймақтарды жаңғырту және «ғылым — өндіріс — инвестиция» байланысын нығайту бағытындағы маңызды қадам болды.
Бүгінде Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары аумағында металлургия және машина жасау, химия және мұнай-химия салалары, құрылыс материалдарын өндіру кәсіпорындары, сондай-ақ электроника мен аспап жасау сияқты жоғары технологиялық бағыттар дамып келеді.

Жаңа серіктестік аясында Сәтбаев университеті аталған кәсіпорындар үшін инженерлік сараптама орталығына айналып, ғылыми зерттеулер жүргізуді, жаңа шешімдерді әзірлеу мен бейімдеуді, кадрлар даярлауды қамтамасыз етеді. Бұл жаңа буындағы өнеркәсіптік инфрақұрылымды қалыптастыруға және экспорттық әлеуеті бар бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Болашақ ынтымақтастық туралы талқылау барысында ек жақ тараптар заманауи ғылымды жүйелі түрде интеграцияламай, өндірісті дамыту мүмкін емес деген ортақ пікірге келді. Себебі кез келген жаңа технологиялық шешім кәсіби сараптаманы, экологияға, адам денсаулығына, логистика мен экономикалық тиімділікке әсерін бағалауды талап етеді.
Біз үшін өз сараптамамызды экономика мен өнеркәсіпке біріктіру — өте маңызды мәселе, – деді кездесуде Мейрам Бегентаев. Бұл үдеріс ғалымдардың алдына нақты қолданбалы міндеттер қойылған кезде анағұрлым тиімді жүзеге асады. Мұндай жағдайда кәсіпорындар университетпен серіктестік арқылы халықаралық стандарттарға сай тұрақты әрі бәсекеге қабілетті шешімдер ұсына алатын жаһандық зерттеу желісіне қол жеткізеді.
Келісімге қол қою Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру және оларды индустриялық әрі технологиялық дамудың заманауи орталықтарына трансформациялау жөніндегі тапсырмалары аясында өтті. Сәтбаев университеті үшін бұл келісім университеттің қолданбалы ғылым және индустриялық шешімдер орталығы ретіндегі рөлін күшейтіп, Қазақстанның индустрияландыруға, инновацияға және жаһандық бәсекеге қабілеттілікке бағытталған мемлекет ретіндегі позициясын нығайта түседі.


