Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтың төрағалығымен әскери кеңес өтті. Онда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әскердің қызметтік-жауынгерлік қызметінің қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды, деп хабарлайды QazNews.kz
Әскери кеңестің жұмысына өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, Ұлттық ұлан академиясының бастығы, бас басқармалардың, басқармалардың, орталықтардың, дербес бөлімшелер мен қызметтердің басшылары қатысты. Бейнеконференцбайланыс режимінде өткен отырысқа өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдердің командалық құрамының офицерлері қосылды.
Отырыс барысында қызметтік-жауынгерлік қызметтің жай-күйі туралы баяндамалар тыңдалды, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің, жауынгерлік даярлықты ұйымдастырудың, сондай-ақ жаңа әскери бөлімдерді жасақтаудың өзекті мәселелері қаралды. Қолда бар проблемалық мәселелерге және оларды шешу жолдарына ерекше назар аударылды.
Ағымдағы жылдың алты айында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 1,3 мыңнан астам тапсырма орындаған. Патрульдік-бекеттік қызметті атқару барысында 6 мыңнан астам құқық бұзушы ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оның ішінде 151 адам қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған.
Ұлттық ұлан бөлімшелері сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға дайындықтың жоғары деңгейін растай отырып, бес халықаралық саяси іс-шараның және шет мемлекеттер басшылары мен ресми делегациялардың он бір сапарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Қызметтің басқа бағыттарында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Әскери қызметшілермен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды өткізудің 43 әрекеті тоқтатылды. Жарты жылда айдауылдау бөлімшелері 31 мыңнан астам сотталғандар мен қамауда отырған адамдарды тасымалдады.
️Ұлттық ұланның цифрлық трансформациясы жалғасуда. Әскерде әскери қызметшілердің ұсыныстарын орталықтандырып жинауға және қарауға арналған «Ұсыныс алаңы»; тамақтану сапасын электрондық жүйе арқылы бағалау; жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін “E-Nazar» жүйесі; жасанды интеллект жүйесі бар камералар; сондай-ақ командирлер мен басшылар қызметінің тиімділігін объективті бағалауға мүмкіндік беретін “Басшының рейтингтік платформасы» ақпараттық платформалары табысты жұмыс істеуде.
Отырысты қорытындылай келе, ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков қызметтік-жауынгерлік қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар берді. Басым міндеттердің қатарында тәрбие және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, жас толықтыруды табысты бейімдеуге жәрдемдесу, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери және қызметтік тәртіпті нығайту, сондай-ақ әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын одан әрі дамыту айқындалды.
Әскери кеңес отырысының қорытындысы бойынша тиісті қаулы қабылданып, жүзеге асыру үшін өңірлік қолбасшылықтар мен әскери бөлімдерге жіберілді.


