2026 жылғы 7 шілде күні Қостанай қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің өзге ұлт өкілдерінен құралған әскери қызметшілері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау-сайысының ІІ кезеңі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, әскери қызметшілердің қазақ тіліне деген құрметін арттыру, тіл мәдениетін дамыту және ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін қазақ тілінде таныстырып, өмірі мен қызметі туралы әңгімеледі. Екінші кезеңде мақал-мәтелдерді жатқа айтып, қазақ халқының даналық мұрасын меңгеру деңгейін көрсетті. Ал үшінші кезеңде қатысушылар қазақ халқының ұлы тұлғалары, ақын-жазушыларының образын сомдап немесе олардың шығармаларынан өлең оқып, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.
Қазылар алқасының шешімімен байқау қорытындысы бойынша:
* І орын – Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету және жөндеу автотехникалық взводының аға маманы, қатардағы жауынгер Коктомов Олег Игоревич;
* ІІ орын – Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінің 2 жедел мақсаттағы батальонының 4 жедел мақсаттағы ротасының взвод сержанты, кіші сержант Красенец Сергей Сергеевич;
* ІІІ орын – 6505 әскери бөлімінің материалдық-жабдықтау және тылдық қамтамасыз ету ротасының тылмен қамтамасыз ету взводының коменданттық бөлімшесінің сарбазы, қатардағы жауынгер Кудряшев Артем Евгеньевич иеленді.
Сонымен қатар, байқауға белсене қатысқан өзге әскери қызметшілер түрлі номинациялар бойынша марапатталып, арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, әскери ортада қазақ тілін кеңінен қолдануға және түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы мен құрметін арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.


