Сейсенбі, 14 июля, 2026
spot_img
Басты бетЖаңалықтарНоттингем университетінің ғалымы жол саласының экологиялық тұрақтылығы жөнінде дәріс оқыды

Ноттингем университетінің ғалымы жол саласының экологиялық тұрақтылығы жөнінде дәріс оқыды

Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Алматы қалалық филиалында Ұлыбританиядағы Ноттингем университетінің Азаматтық құрылыс кафедрасының тұрақты даму және орнықты құрылыс саласының ассистент-профессоры, PhD докторы Серік Тоқболатпен кездесу өтті, деп хабарлайды QazNews.kz

Кездесу барысында ғалым құрылыс және жол саласы үшін экологиялық тұрақтылықтың маңызына тоқталып, әлемдік тәжірибеде қолданылып жатқан заманауи тәсілдер туралы баяндама жасады. Ол жол құрылысы кезінде қоршаған ортаға келетін әсерді азайту, құрылыс материалдарының өмірлік циклін бағалау (Life Cycle Assessment – LCA), энергия тиімділігі, ресурстарды ұтымды пайдалану және көміртегі шығарындыларын төмендету мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

Серік Тоқболат өз сөзінде ғаламдық жылыну бүгінде әлем елдерінің алдында тұрған ең өзекті сын-қатерлердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, құрылыс индустриясы мен өндіріс орындарынан бөлінетін парниктік газдар климаттың өзгеруіне елеулі әсер етеді. Сондықтан жол инфрақұрылымын дамыту барысында экологиялық жауапкершілік қағидаттарын басшылыққа алып, жаңа технологиялар мен экологиялық таза материалдарды кеңінен енгізудің маңызы артып келеді.

– Жол саласының басты міндеті – сапалы әрі ұзақ қызмет ететін инфрақұрылым қалыптастыру ғана емес, сонымен бірге табиғатқа келетін кері әсерді барынша азайту. Құрылыс материалдарының толық өмірлік циклін бағалау, қайта өңделетін ресурстарды пайдалану және көміртек ізін қысқарту – болашақтағы тұрақты дамудың негізгі бағыттары. Бұл мәселелер бүгіннің ғана емес, келер ұрпақтың алдындағы ортақ жауапкершілігіміз, – деді доктор Серік Тоқболат.

Кездесу барысында Алматы қалалық филиал мамандары жол құрылысының сапасын бағалау кезінде халықаралық экологиялық талаптарды ескеру, инновациялық технологияларды енгізу және құрылыс материалдарының экологиялық тиімділігін арттыру бағытында пікір алмасты. Сондай-ақ қатысушылар жол саласын тұрақты дамытуға қатысты халықаралық тәжірибе мен ғылыми зерттеулердің нәтижелерін талқылады.

Іс-шараның қорытындысында тараптар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және жол саласында экологиялық тұрақтылық қағидаттарын енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр