Оңтүстік Кореяда 21 жастағы Қазақстан азаматы көлік жүргізушісінің жолын бөгеп, оның көлігін тепкілегені үшін ұсталды. Оқиға 29 шілде күні сағат 23:40 шамасында Кёнгидо провинциясының Ичхон қаласында болған, деп хабарлайды qaznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, қазақстандық азамат 30 жастағы жүргізушінің көлігін қуып жетіп, жолын кескен. Содан кейін көлігінен түсіп, қарсы тараптың машинасының алдыңғы бөлігін бірнеше рет тепкілеген.
Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Алайда түнгі қараңғылық салдарынан полиция күдіктінің көлік нөмірін анықтай алмаған. Осы себепті қыркүйектің ортасында тергеу нәтижесіз аяқталған.
Кейін полиция істі қайта қарап, бейнежазбаны егжей-тегжейлі зерттеген. Тергеушілер көлік нөмірінің бір бөлігін анықтап, оның маркасы мен моделіне сүйене отырып, іздестіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде күдікті Ансон қаласында ұсталып, оның көлігі тәркіленді.
21 жастағы қазақстандық полицияға берген түсініктемесінде өз әрекетінің себебін айтқан. Оның сөзінше, ол көлігін сатып алуға уәде беріп, кейін келісімнен бас тартқан басқа шетелдік азаматпен шатастырып алған.


