Қазақстанда баласы бір жарым жасқа толмай жұмысқа шыққан аналар бала күтіміне байланысты жәрдемақыдан айырылмайды. Төлем белгіленген мерзім аяқталғанға дейін сақталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Жаңа тәртіп жас баласы бар әйелдерге жұмысқа ертерек оралып, сонымен бірге мемлекеттен берілетін төлемді алуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Аналар бұл қаражатты бала күтушінің қызметіне немесе баласына қарайласатын туыстарына ақы төлеуге жұмсай алады.
Ал әкелер де бала күтіміне байланысты демалысқа шығып, жұмыс орнын сақтап қалуға құқылы. Алайда мұндай жағдайда оларға бала күтіміне арналған әлеуметтік төлем тағайындалмайды. Яғни әкелердің демалысқа шығуына мүмкіндік бар, бірақ әлеуметтік төлем алу құқығы анаға беріледі.
Бұл өзгерістер ата-аналарға жұмыс пен бала күтімін қатар алып жүруге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.


