Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков Каспий теңізінде 14 әскери қызметкердің қаза болуына байланысты қозғалған іс аясында ұсталды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оған қызметтік міндетіне салғырт қарады деген күдік келтіріліп отыр. Алдымен ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін соттың санкциясымен қамауға алынған.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде болған. Ауа райы күрт нашарлап, ашық теңізде жүрген 17 әскери қызметкерді толқын алып кеткен.
Олардың үшеуі аман қалғанымен, 14 әскери қызметкер қаза тапты.
Оқиғадан кейін әскери басшылықтың әрекетіне қатысты тергеу басталды. Бұған дейін осы іс бойынша тағы бес лауазымды тұлғаның ұсталғаны хабарланған болатын.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.


