Биыл Алматы облысында 9 айда республикалық маңызы бар 1078 шақырым 20 жолға диагностикалық жұмыстар жасады. Оның ішінде 677,5 шақырым 15 жол учаскесі күтіп ұстауда, ал 400,5 шақырым 7 жол учаскесі кепілдікте.
Сонымен қатар, жол-құрылыс материалдарының 823 сынамасы зертханалық талдаудан өткізілді. Зерттеу нәтижелері бойынша олардың 31 пайызы нормативтік талаптарға сәйкес келмегені белгілі болды. Анықталған ақауларды жою бойынша жауапты мекемелермен бірлескен шаралар қабылданатын болады. Мердігер мекемелерге нормативтік талаптарға сәйкес қайта қалпына келтіру туралы нұсқамалар берілді. Бұл туралы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облысы бойынша филиалы хабарлады.
Айта кетейік, мекеме өңірдегі жол-құрылыс жобаларына техникалық бақылау жүргізіп, құрылыс материалдарының сапасына сараптама жасайды. Сонымен қатар, жолдардың жай-күйін анықтау мақсатында диагностика және орташа жөндеу жобаларына ведомстволық сараптама жүргізу жұмыстарын атқарады. Ведомстволық сараптаманың мәліметі бойынша, 2025 жылдың тоғыз айында жоспарланған 85 млн теңгенің орнына 85,046 млн теңгеге 30 келісім-шарт жасалған. Осы уақытқа дейін түскен 105 өтініштің 103 шешіміне шығарылды, оның ішінде:
— республикалық маңызы бар а/ж бойынша — 3;
— көше жолдары желісі бойынша– 100.
Бүгінде кәсіпорын зертханалық қызметті цифрлық форматқа көшіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. KazRoadLab атты цифрлық платформа сәтті жұмыс істеп тұр. Инженерлер объектіден алынған сынамаларды QR-код арқылы тіркеп, зертханаға жолдайды. Ал сынақ жабдықтарынан алынған мәліметтер планшетке автоматты түрде түсіп, KazRoadLab жүйесінде нақты уақытта өңделеді. Аталмыш жүйе жол сапасын тиімді бақылауға мүмкіндік беріп, саланы жаңа деңгейге көтереді.
