Сәрсенбі, 12 августа, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпАлтын бағасы тарихи шегіне жетті, қазір сатып алған тиімді ме?

Алтын бағасы тарихи шегіне жетті, қазір сатып алған тиімді ме?

Бағалы металдар нарығы қайтадан әсерлі динамика көрсетіп отыр. 2026 жылғы 7 тамызда COMEX биржасында алтынның желтоқсандық фьючерстерінің бағасы шамамен 3%-ға өсіп, бір унциясы $4356,28-ға жетті және маусымдағы ең жоғары көрсеткіштерге жақындады, деп хабарлайды Qaznews.kz Qazaq expert club сарапшыларына сілтеме жасап.

Алтын неліктен қымбаттауын жалғастырып жатыр, алдағы жылдары оның бағасына қандай факторлар әсер етеді және халық бағалы металды жинақтарын сақтаудың құралы ретінде қарастырғаны жөн бе? Экономист, Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы Бауржан Шурманов қазіргі раллидің себептерін түсіндіріп, жетекші халықаралық инвестициялық институттардың болжамдарын талдайды және алтынға инвестиция салудың тәуекелдері туралы айтып береді.

Баға ауытқуының табиғаты: нарықтың алтын ережесі

«Бағалы металдар құнының ауытқуы ешқашан өздігінен болмайды – ол қазіргі макроэкономикалық және геосаяси жағдайға тікелей байланысты. Әлемдік қаржы жүйесіндегі алтынның іргелі рөлі – классикалық хедж, яғни нарықтық тәуекелдерден қорғайтын актив қызметін атқару», – деп түсіндіреді сарапшы.

Экономистің айтуынша, бүгінде алтынға деген сұранысты үш негізгі фактор қалыптастырып отыр.

Біріншіден, әлемдік нарықтардағы белгісіздік неғұрлым жоғары болса, алтынға деген сұраныс та соғұрлым артады. Инвесторлар дәстүрлі активтерге қатысты тәуекелдердің күшейгенін көрген кезде капиталдың бір бөлігі «қауіпсіз айлаққа» ауысады.

Екіншіден, алтынның құнына пайыздық мөлшерлемелер мен инфляция әсер етеді. АҚШ Федералдық резерв жүйесінің ақша-кредит саясатын жұмсартып, мөлшерлемелерді төмендетеді деген күтулер алтынды капиталды сақтаудың тартымды құралына айналдырады.

Үшіншіден, геосаясат қуатты фактор болып қала береді. Мысалы, Ормуз бұғазы маңындағы қақтығыстардың ушығуы энергия тасымалдаушылар бағасының өсуіне және инфляцияның жаңа толқынына алып келу қаупін туғызады. Бұл өз кезегінде институционалдық инвесторлармен қатар бөлшек инвесторлардың да алтынға қызығушылығын арттырады.

Әлемдік инвестициялық банктер не дейді: нарықтың негізгі көкжиектері

Алтынның келешегін бағалауда сарапшы Goldman Sachs, J.P. Morgan, UBS және Дүниежүзілік алтын кеңесі (World Gold Council) секілді жетекші халықаралық қаржы институттарының талдауларына сүйенуді ұсынады. Нарықтың алдағы динамикасын айқындайтын факторларды үш уақыт көкжиегіне бөлуге болады.

1. Қысқамерзімді перспектива: қарқынды өсім және геосаясатқа реакция

Инвестициялық банктердің, соның ішінде Goldman Sachs шолуларында қысқамерзімді перспективада алтынның геосаяси шиеленістерге және алтын ETF-теріне қаражаттың құйылуына, әсіресе азиялық инвесторлар тарапынан келетін капиталға өте сезімтал екені атап өтіледі.

«Бұл кезеңде құбылмалылық күшейіп, жекелеген түзетулер болуы мүмкін, алайда қорғаныс активтеріне деген сұраныс нарыққа қолдау көрсете алады», – деп түсіндіреді Бауржан Шурманов.

2. Ортамерзімді перспектива: мөлшерлемелерге қатысты күтулер және институционалдық сұраныс

J.P. Morgan және UBS болжамдарына сәйкес, орталық банктердің алдағы саясаты негізгі факторлардың біріне айналады.

Экономист: «Егер АҚШ Федералдық резерв жүйесі 2026 жылдың соңына дейін пайыздық мөлшерлемелерді төмендету циклін жалғастырса, облигациялардың кірістілігі төмендеуі мүмкін. Бұл алтынның салыстырмалы тартымдылығын арттырады. Институционалдық инвесторлар үшін бұл портфельдердегі алтынның үлесін көбейтуге қосымша дәлел болуы мүмкін», – дейді.

3. Ұзақмерзімді перспектива: долларсыздану және орталық банктердің алтын сатып алуы

World Gold Council зерттеулері ұзақмерзімді негізгі драйверлердің бірі орталық банктер тарапынан қалыптасатын сұраныс екенін көрсетеді.

Сарапшының айтуынша, бірқатар дамушы елдердің реттеушілері резервтерін әртараптандыру аясында алтын қорларын ұлғайтуды жалғастырып келеді. Мұндай тұрақты сұраныс бірнеше жылдық көкжиекте металл бағасына қосымша іргелі қолдау көрсетеді.

Алтын негізгі қорғаныс активтерінің бірі саналғанымен, инвестициялық шешім қабылдар алдында ескеру қажет бірқатар ерекшеліктері бар.

Бауржан Шурмановтың пікірінше, мұндағы басты қағида – жинақтың барлық басқа құралдарын алтынмен алмастыруға тырыспау.

Халыққа алтын сатып алған дұрыс па? Әртараптандыру қағидасы

«Егер адам инвестиция салуға шешім қабылдаса – ол алтын, бағалы қағаздар немесе жылжымайтын мүлік болсын – негізгі қағида әрдайым әртараптандыру болуы тиіс. Уоррен Баффет тарихи тұрғыдан алтынға актив ретінде ұстамды көзқарас танытып келеді, өйткені сейфте жатқан алтын құймасы өздігінен ақша ағынын қалыптастырмайды және дивиденд төлемейді. Алайда жаһандық тұрақсыздық жағдайында алтын өзіндік сақтандыру құралының рөлін атқарады.

Баффеттің философиясымен үндесетін басты қағида – ешқашан барлық қаражатты бір ғана құралға салмау және табиғаты мен тәуекелдерін жақсы түсінетін активтерге ғана инвестициялау», – деп атап өтті сарапшы.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр