Қазақстанда риелторлық сала әлі күнге дейін толыққанды реттелмеген. Нарыққа кез келген адамның еркін кіруі, бірыңғай талаптар мен жауапкершілік тетіктерінің болмауы — алаяқтықтың көбеюіне және азаматтардың құқықтарының жиі бұзылуына әкеліп отыр. «Атамекен» ҰКП жанындағы өзін-өзі реттеу институттарын дамыту комитетінің төрағасы Асланбек Жақұпов елімізде риелторлық қызметті жүйелеуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты, деп жазады QazNews.kz
«Риелторлық қызмет нарығы бүгінгі таңда экономиканың ең бақылаусыз сегменттерінің бірі. Арнайы уәкілетті орган да, міндетті сертификаттау жүйесі де жоқ. Осы себепті салаға кездейсоқ адамдар да, алаяқтық схемалар да оңай кіріп кетеді. Бұл өз кезегінде халықтың сеніміне және кәсіптің беделіне зиян тигізеді», — дейді Асланбек Жақұпов.
Оның айтуынша, елімізде шамамен 30 мыңға жуық риелтор жұмыс істейді, бірақ олардың тек үштен бірі ғана ресми тіркелген. Қалғандары салық төлемей, ешқандай жауапкершілік жүктемей қызмет көрсетеді.
«Саланың көлемі екі триллион теңгеден асады. Бірақ мәмілелердің едәуір бөлігі көлеңкеде қалып отыр. Бұл — мемлекет үшін миллиардтаған салықтың жоғалуы, ал азаматтар үшін — құқықтық қорғаныстың болмауы», — дейді ол.
Қазір риелторлық қызметті жүйелеуге бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Асланбек Жақұповтың айтуынша, классикалық мемлекеттік лицензиялау бұл салаға тиімді болмайды, себебі нарық өте қарқынды, сондықтан икемді тәсілдерді қажет етеді.
«Ең оңтайлы шешім — салалық өзін-өзі реттейтін ұйым құру. Ол нарық ойыншыларын біріктіріп, ортақ стандарттар енгізіп, қызмет сапасын бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл кәсіби тәртіпті нығайтып, азаматтардың сенімін арттырады», — дейді Жақұпов.
Оның айтуынша, «Атамекен» мен депутаттар корпусы заңнамалық бастамалар бойынша бірлесе жұмыс істеуді жалғастырады.
«Бұл заңның қажеттілігі бұрыннан пісіп-жетілді. Тұрғын үй сатып алу — адамның өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Сондықтан азаматтар кәсіби, ашық әрі қауіпсіз қызметке қол жеткізуге толық құқылы», — деп қорытындылады сарапшы.
