Астана қаласының соты жеке стоматологиялық клиникада ем алу кезінде көз жұмған үш жасар Зеренің өліміне қатысты істі аяқтады, деп жазады QazNews.kz
Сот дәрігер-анестезиологты ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі бойынша (кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру) кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сонымен қатар, дәрігер Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа ілініп, негізгі жазадан босатылды.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы
Қыздың әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, қызы Зере Есентай 3,5 жаста болған. Анасы оны Мүхаммедханова көшесі, 19 мекенжайында орналасқан Dent Park Ortho стоматологиясына тісін севоран анестезиясымен емдету үшін апарған.
Алғашында дәрігерлер 9–11 тісті емдеуді жоспарлаған. Алайда седация жүріп жатқан кезде ата-ананы операциялық бөлмеге шақырып, тағы бірнеше тісті емдеу қажеттігін айтқан. Соңында дәрігер 20 тістің 18-ін бір сеанста емдеу туралы шешім қабылдаған. Бұл операцияның ұзақтығын 3,5 сағаттан арттырған. Процедура бағасы — 500 мың теңге.
— Осыдан кейін қызым Зере наркоздан оянған жоқ, — деді әкесі.
