2025 жылғы 16 желтоқсан күні ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығында ерекше жылулыққа толы, жүрекке жақын әсер қалдырған кеш өтті. Бұл кеш – өз еңбегімен, табандылығымен және ішкі қуатымен Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген спортшы Елдар Шекербекке арналды, деп жазады QazNews.kz
Бұл салтанат жай ғана марапаттау рәсімі емес, бұл – жол туралы әңгіме еді. Таңғы тыныштықтағы жаттығулар, суық суда өткен ұзақ қашықтықтар, өз-өзіңмен күрес пен жеңіс. «Ер Намысы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл шара Елдардың спорттағы жетістіктеріне ғана емес, оның мінезіне, өмірлік ұстанымына көрсетілген шынайы құрмет болды.

Елдар Шекербек – ашық суда жүзуден спорт шебері, триатлон және президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, 2017–2022 жылдары триатлоннан Қазақстанның жастар құрамасының мүшесі. Бірақ атақтар мен дәрежелерден бөлек, ол – ерік-жігердің, төзімділіктің және мақсатқа адалдықтың айқын үлгісі. Елдар халықаралық деңгейдегі беделді жарыстардың жүлдегері мен жеңімпазы, Еуропа мен Азия чемпионаттарының, Oceanman финалдарының және төзімділікке арналған ірі турнирлердің қатысушысы.
2025 жыл оның спорттық жолындағы ерекше белес болды. Желтоқсан айында Дубай қаласында өткен Oceanman World Final Championship финалында Елдар ашық суда 10 шақырымдық қашықтықта әлемнің 400-ден астам спортшысын артта қалдырып, үздік бестікке енді. Сол жылы ол IRONMAN 70.3 Turkey кезеңінде Masters 18–24 жас санатында 682 қатысушының арасынан 11-орын алып, сондай-ақ құрлықтар тоғысындағы символдық сынақ – Босфор бұғазын жүзіп өтті.

Салтанатты кеште спортшыға арналған жылы лебіздер мен жүрекжарды сөздер айтылды. Елдарға қолдау білдіріп, құрмет көрсеткендер қатарында «Ер Намысы» РҚБ төрағасы, профессор Ерболат Алияддин, Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы директорының орынбасары Салтанат Ашимова және «Art Forum of Kazakhstan» халықаралық шығармашылық ұйымының бас директоры Ерназар Гимарат болды. Олардың әрбір сөзі жеңістерден бөлек, адамдық болмысты, рухани биіктікті айқындай түсті.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Елдардың тәрбиесіне, өмірлік бағытының қалыптасуына ерекше үлес қосқан туған тәтеcі Сауле Садыхановнаға Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің табысталуы болды. Бұл – үлкен жетістіктің артында отбасының мейірімі мен қолдауы тұратынын еске салған терең мағыналы сәт еді.

Мәдениеттерді жақындастыру орталығында өткен бұл кештің өзі де символға айналды. Өйткені Елдар Шекербектің өмір жолы – рухани құндылықтар мен табандылықтың, елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Мұндай тұлғалар арқылы Қазақстанның абыройы әлемдік аренада асқақтай түседі. Бұл салтанатты кеш тек марапаттау емес, жас ұрпаққа бағытталған үндеу болды. Арманға адалдық, тынымсыз еңбек пен Отанға деген махаббат әрқашан биік белестерге жетелейді. Елдардың жолы – соның жарқын дәлелі.
