Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыдағы пойызда газдан уланған адамдардың жағдайына қатысты мәлімет берді, деп жазады QazNews.kz
Министрдің айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдемнің 13 бригадасы жұмылдырылған.
“Барлығы 53 адам, оның ішінде балалар зардап шекті. Олардың бәрі дер кезінде қалалық стационарлардың қабылдау бөлімдеріне жеткізіліп, тексеруден өтті және қажетті медициналық көмек көрсетілді”, — деді Әлназарова.
Тексеру нәтижесінде 11 баланы ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданған.
“Екі бала жансақтау бөлімінде жатыр, қалғандары тиісті профильдік бөлімшелерде мамандардың бақылауында”, — деп нақтылады министр.
Қалған жолаушылар тексеруден кейін амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді. Әлназарова министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, Алматы қаласындағы медициналық ұйымдармен тұрақты байланыста екенін жеткізді.
“Барлық науқасқа толық көлемде медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты бақылап отыр. Қауіпсіздік пен оң динамиканы қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ресурстар тартылған. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін”, — деді ол.
Пойыздағы жаппай уланудан кейін полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
“Осы дерек бойынша Алматы-1 стансасындағы желілік полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабы – “Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу” фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, — деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, 11 желтоқсанда Алматыда пойызда 50-ден аса адам газға уланып қалғаны туралы жазған едік.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ақпаратына сүйенсек, бұл пойыз құрамы жеке меншік тасымалдаушыға тиесілі, ал вагондар киностудияға түсірілім жүргізу үшін уақытша берілген.
