Енді Қазақстандағы балабақшалар мен мектептерге тосын тексеріс жүргізіледі, деп жазады QazNews.kz
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Бұл тәртіп уәкілетті органға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын және балалардың тамақтануын, жатын орнын қамтамасыз ету, білім беру, тәрбиелеу және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды қызметі басталар алдында және оны көрсету барысында тосыннан тексеруге құқық береді.
«Бұл мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Енді уәкілетті орган нақты заңбұзушылықтар туралы сигнал түскен жағдайда өз шешімімен тексеріс тағайындап, нысанға дереу шыға алады. Сигнал түскен кезде нысанға жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі», — деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Жаңа нормалар 2026 жылғы 1 ақпанда күшіне енеді.
