Жемқорлық ісі бойынша 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін. Журналист Михаил Козачковтың хабарлауынша, Алматы облысындағы Алатау қаласының соты оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ, деп жазады QazNews.kz.
Журналистің мәліметінше, экс-әкімнің босатылуына денсаулығына байланысты мән-жайлар себеп болуы мүмкін. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 75-бабына сәйкес шешім қабылданған болуы ықтимал.
Кәрім Көкірекбаев әр жылдары Жамбыл облысының әкімі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы және «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің жетекшісі қызметтерін атқарған.
396 миллион теңгелік пара ісі
Көкірекбаев 2022 жылғы желтоқсанда «Bazis Construction INFR» ЖШС басшысы Андрей Поплавскийден 396 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталған.
Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қаражат Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарды қабылдау актілеріне қол қою үшін берілген. Мемлекетке келтірілген шығын шамамен 2 миллиард теңге деп бағаланған.
2025 жылғы шілдеде сот Кәрім Көкірекбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Осы іс бойынша Әділет Ахатаев пен Андрей Поплавский де 11 жылға сотталған.
Бұдан бөлек, бұрынғы әкім жазасын өтеп жүрген кезінде сот ғимаратында күзет қызметкеріне пара беріп, жұбайымен заңсыз кездесуді ұйымдастырған. Осы әрекеті үшін оған 300 мың теңге айыппұл салынған.
Михаил Козачковтың айтуынша, Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты дүйсенбі күні ресми түсініктеме беруге уәде еткен.
Осылайша, Кәрім Көкірекбаевтың мерзімінен бұрын босатылғаны туралы ақпарат әзірге ресми растауды қажет етеді.


