Қытай соты бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Ван Хуэйминді 436 млн юаньнан (65,4 млн доллар) астам пара алғаны үшін өлім жазасына кесті. Алайда үкімнің орындалуы екі жылға кейінге шегерілді, деп хабарлайды qaznews.kz.
OCCRP басылымының Қытайдың «Синьхуа» мемлекеттік ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, 67 жастағы Ван Хуэйминге қатысты үкім 2026 жылғы 28 қазанда белгілі болды.
Сот анықтағандай, ол 1998 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде қызметтік өкілеттігін пайдаланып, компаниялар мен жеке тұлғаларға заңсыз артықшылықтар берген.
Бұрынғы шенеунік Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Қытайдың Бағалы қағаздарды реттеу комиссиясында (CSRC) түрлі қызметтер атқарған. Ол ақша үшін кәсіпкерлік қызмет пен қаржыландыру тартуға қатысты мәселелерді шешуге көмектескен.
Сот Ван Хуэйминге өлім жазасын тағайындап, оның орындалуын екі жылға кейінге қалдырды.
Қытай заңнамасына сәйкес, мұндай мерзімде сотталған адам жаңа қылмыс жасамаса және заңда көзделген талаптарды орындаса, өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.
Осылайша, бұрынғы шенеунікке қатысты өлім жазасы туралы үкім бірден орындалмайды. Екі жылдық мерзім аяқталғаннан кейін жаза заңда белгіленген тәртіппен қайта қаралады.


