Грузияда Щучинск қаласының тұрғыны, қазақстандық жүк көлігінің жүргізушісі Иван Чекулаев 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған оның жанынан ауырсынуды басатын дәрінің табылуы себеп болған, деп хабарлайды qaznews.kz.
Бұл туралы жүргізушінің жұбайы Юлия Чекулаева хабарлады.
Иван Чекулаев сәуір айында Грузияның Поти портында кедендік тексеру кезінде ұсталған. Тексеру барысында одан Грузияда бақылауға алынған заттар қатарына жататын Tilidin препараты табылған.
Жүргізушінің жұбайының айтуынша, бұл дәріні Иванға Германиядағы дәрігерлер омыртқасындағы күрделі мәселелерге байланысты тағайындаған. Алайда оның қолында препаратты қолдануға рұқсат беретін тиісті рецепт болмаған.
Осы жағдайға байланысты Қазақстан азаматына қатысты Грузия Қылмыстық кодексінің 262-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін бұл бап бойынша оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін екені хабарланған еді.
Дегенмен сот үкіміне әлі де шағым түсіруге болады. Апелляциялық шағым беру үшін бір ай уақыт қарастырылған.


