Кенияда Эбола вирусынан алғашқы адам көз жұмды. Науқас Конго Демократиялық Республикасында тұрған Кения азаматы болған, деп хабарлайды qaznews.kz.
Елге оралғаннан кейін ол Найробиде оқшауланып, жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде Бундибуджио штаммы анықталған. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, ер адам 5 қазанға қараған түні қайтыс болды.
Кения билігі науқаспен байланыста болған 28 адамды анықтады. Сонымен қатар ауру жұқтырған азамат елге келген ұшақтың 23 жолаушысы мен экипаждың төрт мүшесін іздестіріп жатыр.
Осылайша Кения қазіргі Эбола індеті таралып жатқан кезеңде вирус тіркелген төртінші мемлекет атанды. Бұған дейін ауру Конго Демократиялық Республикасында, Угандада және Францияда анықталған болатын.


