Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысында Семей қаласының жылу желілерін қыс маусымына дайындау жұмыстарының кешігуін сынға алып, бұл салаға жауапты әкім орынбасарын жауапкершілікке тартуды тапсырғаннан кейін өңір билігі жағдайға қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Абай облысы әкімінің орынбасары Бекжан Бапышевтың айтуынша, Семейдегі барлық әлеуметтік нысан жылуға қосылған. Ал тұрғын үйлер бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қосылып жатыр.
Әкімдік мәліметінше, қалада жылумен жабдықтауға қатысты бес өтпелі жоба жүзеге асырылуда. Оның бірінде мердігер қажетті жабдықты уақытында жеткізбегендіктен жұмыс мерзімі кешіккен. Қазір жабдық орнатылып, нысан іске қосылған.
Қаладағы ЖЭО-1 мен 20 қазандық белгіленген температуралық режим бойынша жұмыс істеп тұр. Көмір қоймаларында 51 мың тонна отын қоры бар.
Еске салайық, бұған дейін Олжас Бектенов барлық өңірлер жылу көздері мен жылу желілерін 1 қазанға дейін толық дайындауы тиіс болғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, бұл талапты уақытында орындамаған жалғыз өңір – Абай облысы.


