Жапонияның Аичи халықаралық аренасында Қазақстан командасы дзюдодан ХХ жазғы Азия ойындарының екінші күміс жүлдесіне қол жеткізді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Париж Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Елдос ХХ жазғы Азия ойындарының финалында (-60 кг) жарыс қожайыны Хаято Кондомен күресті. Тартысты белдесу нәтижесінде жапон спортшысы басым түсті.
Осылайша, бүгін Елдос сары құрлық ойындарындағы үшінші медалін мойнына тағады. Отандасымыз 2014 жылы Инчхонда -60 кг салмақта алтыннан алқа таққан. Ал ерлер арасындағы командалық сайыста күміс иеленген. Сметов — жазғы Азиада тарихындағы ең табысты қазақ дзюдошысы.
Айта кетейік, таңғы сессияда Елдос Сметов алғашқы белдесуінде Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері Ли Ха Римді (Оңтүстік Корея) таза жықты. Осыдан кейін әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ариунболд Энхтайванның (Моңғолия) жауырынын жерге тигізді. Жартылай финалда Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Ханчжоу Азиадасының чемпионы Ян Юнвэйден (Тайпей) басым түсті.
Бұл — дзюдодан Қазақстан командасының осы бәсекедегі екінші күміс жүлдесі. Осыған дейін Абиба Әбужақынова 2-орын алған.


