Сейсенбі, 29 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпМектепте телефон қолданудың жаңа тәртібі бекітілді

Мектепте телефон қолданудың жаңа тәртібі бекітілді

Қазақстан мектептерінде оқушылардың ұялы телефон пайдалануына қатысты жаңа талаптар енгізілді. Ереже барлық орта білім беру ұйымдарына, олардың меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан қолданылады, деп хабарлайды qaznews.kz.

Жаңа қағидаға сәйкес, оқушылар сабақ басталғанға дейін телефонын дыбыссыз режимге қоюы немесе толық сөндіруі керек. Сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынады.

Алайда кейбір жағдайларда ұялы телефон пайдалануға рұқсат етіледі. Атап айтқанда, мұғалімнің тапсырмасы бойынша оқу мақсатында, өмір мен денсаулыққа қауіп төнген кезде немесе оқушының денсаулық жағдайына байланысты қажет болған жағдайда телефон қолдануға болады.

Егер құрылғы оқу процесіне қажет болса, оны пайдалану уақыты мен тәртібін мұғалім айқындайды. Тапсырма аяқталған соң оқушы педагогтің нұсқауымен телефонды пайдалануды тоқтатуы тиіс.

Сондай-ақ оқушыларға фото, аудио және видео түсіру функцияларын өз бетінше қолдануға рұқсат етілмейді. Мұндай әрекеттер тек мұғалімнің келісімімен және жеке өмірге қол сұқпау талаптары сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Мектептерде мүмкіндік болған жағдайда телефондарды сақтауға арналған арнайы орындар ұйымдастырылуы мүмкін. Құрылғыларды сақтау тәртібі мен қауіпсіздігі әр білім беру ұйымының ішкі ережесінде көрсетіледі.

Бұдан бөлек, мектептер ата-аналар мен оқушылар арасында шұғыл байланыс орнату тәртібін бекітіп, осы мақсатта пайдаланылатын байланыс нөмірін ата-аналарға хабарлауы қажет.

Білім беру ұйымдары оқушылар мен ата-аналарды жаңа талаптармен және мектептің ішкі тәртіп ережелерімен таныстыруға міндетті.

Жаңа бұйрық 2026 жылғы 9 қазаннан бастап күшіне енеді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр