Дүйсенбі, 28 сентября, 2026
spot_img
Басты бетӘлемҮндістанда қазақстандық велобапкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Үндістанда қазақстандық велобапкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Үндістанда жұмыс істеген қазақстандық велоспорт бапкері, бұрынғы кәсіби спортшы Мақсат Аязбаевқа қатысты ауыр айып тағылып, құқық қорғау органдары оны іздестіруге кірісті, деп хабарлайды qaznews.kz.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, кәмелетке толмаған спортшы бапкердің өзіне жыныстық сипаттағы зорлық көрсеткенін мәлімдеген. Оқиға 13 қыркүйекте Патиала қаласындағы Нетаджи Субхас атындағы Ұлттық спорт институтында болғаны айтылуда. Ал жәбірленуші полицияға бес күннен кейін, 18 қыркүйекте жүгінген.

Арыз негізінде Үндістанның Қылмыстық кодексі және балаларды жыныстық қылмыстардан қорғауға арналған POCSO заңы бойынша іс қозғалған.

The Times of India басылымының хабарлауынша, қазақстандық маманды іздеу үшін бірнеше арнайы полиция тобы құрылған. Тергеушілердің дерегіне сәйкес, оқиғадан кейін ол Делидегі оқу-жаттығу жиындарының бірінде болған, алайда кейіннен оның жүрген жері белгісіз болып кеткен.

Бұдан бөлек, Аязбаевтың төлқұжаты полиция қарауында екені хабарланды. Сондай-ақ оған қатысты елден шығуға шектеу қоюға бағытталған арнайы Look Out Circular ескертуі жарияланған.

Мақсат Аязбаев Үндістан құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азия ойындарына баруы тиіс болған. Алайда тергеу басталғаннан кейін оның сапарға шығуына берілген рұқсаттың күші жойылған.

Үндістанның Велоспорт федерациясы қазақстандық бапкерді қызметінен шеттетіп, оқиғаны ұйымның ішкі комиссиясына жолдаған. Ал арызданған спортшы медициналық тексеруден өтіп, психологиялық әрі құқықтық көмек алған.

Айта кетейік, Мақсат Аязбаев бұған дейін Қазақстан құрамасы сапында кәсіби тасжол велоспорты бойынша халықаралық жарыстарға қатысқан.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр