Қазақстанда TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында балағат сөздер қолданған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл деректерді полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде анықтаған, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Шымкент қаласында Қызылорда облысынан шыққан 23 жастағы азаматтың тікелей эфирде бейәдеп сөздер айтқаны белгілі болды. Жиналған материалдар сотқа жолданып, нәтижесінде ол әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен азамат 7 тәулікке қамауға алынды.
Осыған ұқсас жағдай Қызылорда қаласында да тіркелген. TikTok-та тікелей эфир өткізген 39 жастағы тұрғын бірнеше рет боғауыз сөз қолданған. Сот оны әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл төлеуге міндеттеді.
Полиция өкілдері әлеуметтік желілерде жарияланатын контентке де қолданыстағы заң талаптары толық көлемде таралатынын ескертті. Қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын бұзатын әрекеттер үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары блогерлер мен стримерлерге қарсы арнайы рейд немесе науқан жүргізіліп жатқанын жоққа шығарды. Полиция мәліметінше, мұндай құқық бұзушылықтардың көбеюіне кейбір қолданушылардың қаралым мен аудитория жинау мақсатында арандатушылық сипаттағы контент жариялауы себеп болып отыр.


