Қазақстанда бензин мен дизель отынына салынатын акцизді есептеу механизмі жаңартылды. Жаңа ережеге сәйкес, акциздің өзгермелі бөлігін анықтау кезінде қолданылатын коэффициент 50 пайыздан 95 пайызға дейін ұлғайтылды. Өзгерістер 1 қыркүйектен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қатысты қолданылады, деп хабарлайды qaznews.kz.
Жаңартылған тәртіп бойынша бензиннің көтерме бағасы тоннасына 214 584 теңгеден, ал дизель отынының бағасы 284 350 теңгеден асқан жағдайда қосымша есептеу механизмі іске қосылады. Баға осы межеден неғұрлым жоғары болса, төленетін акциз көлемі де соғұрлым артады.
Жаңа талаптар жанармай өндірушілердің көтерме сауда операцияларына, отын импортына және давальдық шикізатты өңдеу нәтижесінде алынған өнімдерді өткізуге қолданылады. Сонымен қатар өндірушілер жанармайды бөлшек саудада сатқанда немесе өз қажеттіліктеріне пайдаланғанда да аталған коэффициент 95 пайыз деңгейінде есептеледі.
Сонымен бірге бензин мен дизельге белгіленген баға шектері және негізгі акциз мөлшерлемелері өзгеріссіз қалды. Мәселен, бензинді бөлшек саудада өткізген кезде негізгі акциз мөлшерлемесі тоннасына 38 634 теңгені құрайды. Ал дизель отыны үшін көтерме саудадағы мөлшерлеме 35 726 теңге болса, бөлшек саудада 35 786 теңге деңгейінде сақталған.
Мамандардың айтуынша, акциз коэффициентінің өсуі жанармай бағасының міндетті түрде қымбаттауына әкеледі деп айту қиын. Соңғы бағаға нарықтағы ахуал, көтерме құнның өзгеруі және өндірушілердің шығындары әсер етеді.


