Қазақстанда ең жоғары жалақыны IT саласының мамандары алуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда Электрондық еңбек биржасында Қазақстан бойынша 53 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Оның ішінде 11 мыңнан астам вакансияда жалақы мөлшері 300 мың теңгеден жоғары.
Министрлік дерегіне сәйкес, жекелеген салалардағы ең жоғары жалақы көлемі мынадай:
- IT саласында – 2 млн теңгеге дейін;
- Өндіріс саласында – 1,7 млн теңгеге дейін;
- Құрылыс саласында – 1,2 млн теңгеге дейін;
- Ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында – 1 млн теңгеге дейін;
- Білім беру саласында – 750 мың теңгеге дейін.
Министрліктің мәліметінше, еңбек нарығында жоғары білікті мамандарға сұраныс сақталып отыр. Әсіресе ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға ұсынылатын еңбекақы өзге бағыттармен салыстырғанда жоғары.


