Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйледі, деп жазады QazNews.kz
Мемлекет басшысының пікірінше, жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді, салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс.
«Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуға тиіс деп ойлаймын. Бұл жөнінде жақында Turkistan газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады. Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар», — деді Тоқаев.


