Бейсенбі, 22 қаңтар, 2026
spot_img
HomeПайдалы кеңесАлаяқтар енді үйге «курьер» жіберіп, ақшаны қолма-қол алады

Алаяқтар енді үйге «курьер» жіберіп, ақшаны қолма-қол алады

Интернет-алаяқтар ақшаны картаға аудартпай, «курьер» болып келген адамдарға қолма-қол беруді бастап кеткені анықталды,  деп жазады QazNews.kz

Алматы қаласында киберқылмыспен күрес басқармасы интернет алаяқтарының жаңа схемасын әшкереледі. Енді қылмыскерлер жәбірленушілерден ақшаны бөтен картаға аудартпайды, керісінше өз адамдарын «курьер» ретінде жіберіп, қолма-қол алып кетеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматы қалалық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшибаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін алаяқтар көбіне «дроп-карталарды» пайдаланған. Алайда бір жылдан бері жұмыс істеп тұрған антифрод жүйесі бұл арналарды күрт шектеген.

– Қазір олар жәбірленушілердің үйіне немесе жұмыс орнына барып, өзін курьер ретінде таныстырып, ақшаны тікелей алып кетеді. Алматыда осындай схемаға қатысы бар 20 мен 35 жас аралығындағы төрт адам ұсталды. Қазір олардың өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр, – деді Қойшибаев.

Полиция дерегінше, 2025 жылы Алматыда интернет алаяқтықтың 2500-ден астам фактісі тіркелген. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 700 млн теңгеден астам қаражат жәбірленушілерге қайтарылған.

Ең жиі қолданылатын схемалар қатарында өзін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі, мемлекеттік орган немесе байланыс операторы ретінде таныстыратын қоңыраулар мен хабарламалар бар. Сонымен қатар жалған сайттар, фейк интернет-дүкендер, жұмыс ұсыну және инвестиция туралы алдау тәсілдері де кең таралған.

Құқық қорғау органдарының «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 17 мыңнан астам сайт бұғатталған. Оның ішінде есірткіге қатысты ресурстар мен деструктивті контент тарататын платформалар да бар.

Полиция тұрғындарды сақ болуға шақырады. Белгісіз адамдарға ақша бермеу, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырғандарға сенбеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және мұндай жағдай туындаса, бірден 102 нөміріне хабарлау қажет.

RELATED ARTICLES

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- Advertisment -
Google search engine

Most Popular

Recent Comments