Сенбі, 4 июля, 2026
spot_img
Басты бетҚоғамБүгін Алматыда NalogiAlmaty-2026 бесінші салық форумы өтті

Бүгін Алматыда NalogiAlmaty-2026 бесінші салық форумы өтті

Бұл – елдегі салық салу мәселелеріне арналған ең ірі кәсіби іс-шаралардың бірі. Биылғы форумның басты тақырыбы 2026 жылдың басынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексін қолдану тәжірибесі және оның бизнеске әсері болды, деп хабарлайды QazNews.kz

Өткен жылдар ішінде форум кәсіпкерлер, бухгалтерлер, салық консультанттары, заңгерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің ашық диалогына арналған беделді алаңға айналды. Егер өткен жылы негізгі назар жаңа Салық кодексінің жобасын талқылауға және оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге аударылса, биыл қатысушылар Кодекстің алғашқы алты айдағы қолданыс нәтижелерін қорытындылап, бизнес іс жүзінде тап болған өзекті мәселелерді талқылады.

Форумның ұйымдастырушысы әрі модераторы – заңгер, салық консультанты, “Налоги Казахстана” қауымдастығының төрайымы Екатерина Ким. Оның Instagram желісіндегі кәсіби блогына 1,5 миллионнан астам адам жазылған. Онда салық салу мәселелері бойынша тәжірибелік түсіндірмелер тұрақты түрде жарияланып тұрады.

«Форум – салық саласы бойынша жетекші сарапшылар бас қосатын санаулы кәсіби алаңдардың бірі. Мұнда жалпы пікірталастар емес, жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейінгі ең маңызды өзгерістердің практикалық талдауы ұсынылады. Биылғы форумның басты ерекшелігі де осында. Біз енді заң жобасын емес, оның нақты қолданысын және бизнес тәжірибесінде туындаған мәселелерді талқылап отырмыз», – дейді Екатерина Ким.

Форум барысында сарапшылар ҚҚС төлеушілерді тіркеу тәртібіндегі өзгерістерді, қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемелерін, камералдық бақылаудың күшеюін, салықтық тексерулер жүргізудің ерекшеліктерін, шағын және орта бизнеске арналған салықтық жеңілдіктердің қысқаруын, сондай-ақ салық органдарының шешімдеріне шағымданудың жаңа тетіктерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар компаниялардың салықтық тәуекелдері, НКТ-2026 жүйесімен жұмыс істеудегі өзгерістер, электрондық шот-фактуралар мен бақылау-касса машиналарын қолдану, маркетплейстердегі тауарлық есепке алу, бейрезиденттерге салық салу және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режимді қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форумда өз кәсіби пікірлері мен тәжірибелерімен Uchet.kz негізін қалаушы әрі Respublica партиясының тең төрағасы Максим Барышев, Бухгалтерлер мектебінің негізін қалаушы Елена Коломейцева, халықаралық салық салу жөніндегі сарапшы Айдар Масатбаев, салық консультанты Дмитрий Казанцев, Жанна Мұрзагұлова, Ульвия Косумова, Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов және басқа да мамандар бөлісті.

Форум жұмысына судьялар мен прокурорлар да қатысып, жаңа Салық кодексін қолданудың жекелеген мәселелеріне түсіндірме берді, құқық қолдану тәжірибесімен бөлісіп, бизнес өкілдерінің өзекті сұрақтарына жауап берді.

Бірнеше жыл ішінде форум Қазақстанның салық саласы бойынша ең ірі кәсіби іс-шараларының біріне айналды. Ол Алматы, Астана және Шымкент қалаларында өткізіліп, офлайн форматта мыңнан астам қатысушыны, ал онлайн режимде 2–3 мыңға жуық көрерменді біріктіреді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр