Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасына байланысты әлеуметтік желіде жазба жариялап, қоғамда тарап жатқан түрлі болжамдарға пікір білдірді.
Ол қазіргі уақытта оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Базарбектің сөзінше, өзі мен жұбайы тергеу құпиясын сақтауға міндеттелгендіктен, әзірге оқиғаның мән-жайын жариялай алмайды.
Экс-депутаттың айтуынша, тергеу аясында бірқатар сараптама тағайындалып, олардың нәтижелері күтілуде.
«Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп, оған заң талаптарына сай әділ баға беріледі деп сенемін», – деді ол.
Сондай-ақ Бақытжан Базарбек қазір зардап шеккен азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста екенін және қажетті көмекті көрсетіп жатқанын жеткізді.
Оның айтуынша, соңғы күндері өзі мен отбасы үшін ауыр өткен. Қазір олар зардап шеккен азаматтың тезірек сауығып кетуін тілеп, жақындарымен бірге дұға жасап жүр.
Базарбек медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігіне және облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғысын білдірді.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты сан түрлі пікірлер мен жорамалдар тарап жатқанын айтып, жұртшылықты тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
«Тергеу аяқталып, барлық дерек анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамаған дұрыс», – деді бұрынғы депутат.
Жазба соңында Бақытжан Базарбек өзіне қолдау білдіріп жатқан азаматтарға ризашылығын жеткізіп, бұл кезеңнің отбасы үшін оңай болмай отырғанын атап өтті.


