Дүйсенбі, 17 августа, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпБассейні бар зәулім үй: Төлешовпен байланысты мүлік саудаға қойылды

Бассейні бар зәулім үй: Төлешовпен байланысты мүлік саудаға қойылды

Шымкентте Тоқтар Төлешовпен байланысы бар компанияға тиесілі тұрғын үй аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Нысан e-Qazyna электронды сауда алаңында жарияланған, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Әңгіме Желтоқсан көшесінде орналасқан жекеменшік тұрғын үй туралы болып отыр. Сатушы ретінде кезінде үлесінің басым бөлігі Тоқтар Төлешовке тиесілі болған «Дархан Group» ЖШС көрсетілген.

Саудаға шығарылған үйдің жалпы аумағы 314,5 шаршы метрді құрайды. Оған қоса 6,44 сотық жер телімі мен бассейн қарастырылған.

Аукцион 27 тамыз күні бағаны төмендету форматында өтеді. Лоттың бастапқы бағасы 240,2 миллион теңге болса, ең төменгі шекті құны 40 миллион теңге болып белгіленген. Ал мүліктің нарықтағы бағасы шамамен 80 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Айта кетейік, кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айыппен 21 жылға сотталған. Сот үкімімен заңсыз жолмен алынған мүліктерді тәркілеу де қарастырылған.

Соңғы уақытта оның қорғаушысы Қарағанды облысының Абай аудандық сотына өтініш беріп, қылмыстық істі жеңілірек баптар бойынша қайта қарауды сұрағаны хабарланған болатын.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр