Алдағы бірнеше жылда Қазақстанда мыңдаған мамандық маңызын жоғалтып, олардың орнын жасанды интеллектке икемделген жаңа кадрлар басуы мүмкін, деп жазады QazNews.kz
Qazaq Expert Club сарапшысы, HR саласының маманы Арман Шоқпаровтың айтуынша, өзгеріс ең алдымен күнделікті қайталанатын жұмыстарға тәуелді салаларда байқалады. Қауіп аймағында бастапқы деңгейдегі IT-мамандар, колл-орталық қызметкерлері, кеңсе әкімшілері, банк аналитиктері мен құжатқа тәуелді заңгерлер тұр.
Сарапшының бағалауынша, компаниялар жаппай қысқартуға бармауы мүмкін, алайда жаңа штат ашуды тоқтатады. Соның салдарынан алдағы 2–3 жылда көптеген ұйымдарда қызметкерлер саны 20–35 пайызға дейін қысқаруы ықтимал.
Сонымен қатар еңбек нарығында жаңа сұраныс қалыптасып келеді. Қазақстандағы ірі компаниялардың IT және digital бөлім басшылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, басшылардың 97 пайызы алдағы жылдары жасанды интеллект саласындағы мамандарға қажеттілік артады деп есептейді. Ең сұраныстағы бағыттар қатарында деректер инженері, машиналық оқыту инженері және data-аналитик бар.
Бүгінде компаниялардың шамамен 85% ЖИ кадрларының жетіспеушілігін сезініп отыр. Алайда білім беру жүйесі бұл қарқынға ілесе алмай келеді. Сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 40 пайызы сапалы оқу бағдарламаларының жоқтығын басты кедергі деп санайды, ал 62 пайызы қызметкерлерін өз ішінде немесе ашық онлайн ресурстар арқылы оқытуға мәжбүр.
Мамандардың пікірінше, адамды толық алмастыру мүмкін емес салалар бар. Бұлар физикалық еңбекке негізделген бағыттар, сондай-ақ кәсіби пайым мен жоғары жауапкершілікті талап ететін салалар. Оларға логистика, көлік, аудит, комплаенс және сот жүйесі жатады.
Сарапшылар қарапайым азаматтарға жасанды интеллектпен жұмыс істеуді қазірден үйренуге кеңес береді. ChatGPT, Gemini, Perplexity сияқты құралдарды күнделікті қолдану дағдыға айналуы тиіс.
Арман Шоқпаровтың сөзінше, бүгінгі басты артықшылық дұрыс сұрақ қоя білу қабілетінде. Жасанды интеллектпен тіл табысқан адам еңбек нарығында ұтылмайды.
