Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаратылыстану бағытындағы пәндерді біріктіру туралы ұсынысқа өз пікірін білдірді, деп жазады QazNews.kz
Министрдің айтуынша, физика, химия және биология пәндерінің мазмұны мен мақсаттары бір-бірінен түбегейлі ерекшеленеді, сондықтан оларды жеке пән ретінде сақтау қажет.
“Менің пікірім, бұл пәндерді біріктіруге түбегейлі қарсымын. Өйткені физика болсын, химия болсын, биология болсын, ол жердегі пәндердің мазмұны, мақсаттары, тақырыптары мүлдем бөлек. Сондықтан да қазіргі таңда Оқу-ағарту министрі ретінде осы пәндерді жеке сақтап қалуға біз жұмыс жасап жатырмыз”, – деді ведомство басшысы.
Сүлейменованың айтуынша, Қазақстан технологиялық прогреске ұмтылған мемлекет ретінде мықты математиктерді, физиктерді және химиктерді даярлауы тиіс. Бұл пәндерді тереңдетіп оқытудың өзектілігі де осыдан туындайды.
“Біз қазіргі таңда технологиялық прогреске аяқ басатын мемлекет ретінде мықты математиктер, мықты физиктер, мықты химиктер болу керек. Бұл – бір мәселе. Екінші мәселе – мектеп оқушылары базалық деңгейде аталған пәндерді өте жоғары деңгейде меңгеруі маңызды”, – деді министр.
Оның сөзінше, жаратылыстану пәндерін жеке пән ретінде сақтау әрі олардың бағдарламаларын одан әрі жетілдіру бағытында жұмыс жалғасады.
