Бүгін Алматы қаласында жаңа Салық кодексіне арналған баспасөз конференциясы өтті. Кездесуге кәсіпкерлер, Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов, салық жөніндегі заңгер, nalogialmaty паблигінің негізін қалаушы Екатерина Ким және маркетплейс селлерлері қатысты. Олар ұсынылып отырған салықтық өзгерістер салдарынан жаппай бизнес жабылу қаупі бар екенін мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz
Кәсіпкерлердің айтуынша, жеке кәсіпкерлерді жалпыға бірдей белгіленген салық салу режиміне (ОУР) көшіру және B2B операцияларына шегерімдерді алып тастау шағын және орта бизнеске ауыр салмақ түсіреді.
Қатысушылар қолданыстағы оңайлатылған салық режимі шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан кәсіпкерлерімен бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік бергенін атап өтті. Ал ОУР-ға көшу салық жүктемесінің 3%-дан қосылған құн салығы (ҚҚС), корпоративтік табыс салығы (КТС) және әлеуметтік төлемдер есебінен бірнеше есе өсуіне әкеледі. Мұндай жүктеме көп кәсіпкер үшін экономикалық тұрғыда көтере алмайтын деңгейде.
«Бұл — бизнес пен түрлі сала өкілдерінің алғашқы кездесуі емес. Кәсіпкерлер жағдайдың бүкіл шағын және орта бизнеске кері әсер етіп отырғанын айтып келеді. Қазір МСБ не жабылуға, не бағаны көтеруге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздықтың артуына, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына және бизнестің жабылуына алып келеді. Мемлекет жарты жыл күтейік дейді, алайда бұл алты ай шағын және орта бизнес пен жалпы экономика үшін орасан зор шығынға айналады», — деді Екатерина Ким.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, баспасөз конференциясының мақсаты — қоғам назарын мәселеге аудару, ықтимал ымыралы шешімдерді талқылау және кәсіпкерлердің ұстанымын мемлекеттік органдарға жеткізу.
Маркетплейс селлерлері салық төлеуге қарсы емес екенін, алайда бизнестің өміршеңдігін сақтайтын әділ әрі кезең-кезеңімен енгізілетін тәсілді қолдайтынын жеткізді.
