Ұлытау облысында «Жошы хан және Алтын Орда: тарих, мұра және Ұлы Дала өркениеті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды шараны Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Ұлытау облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды QazNews.kz
Конференцияның негізгі мақсаты – Жошы хан мұрасын жан-жақты зерттеу, Алтын Орда тарихын терең зерделеу, сондай-ақ тарих, реставрация, фольклор, музыкатану және өнертану салаларындағы ғылыми ізденістерді дамыту болды. Ұлытау жерінде сақталған ортақ түркілік құндылықтарды айқындап, оларды бүкіл түркі өркениетінің рухани мұрасы ретінде таныту ісіне айрықша көңіл бөлінді.
Шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Татарстаннан келген беделді ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Олар «Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуіріндегі мемлекеттілік пен тарихи-мәдени үдерістер» және «ХІІ–XІV ғасырлардағы түркі әлемінің музыкалық-фольклорлық мұрасы. Күйші-сазгер Кетбұқа бидің тарихи-мәдени мұрасы» тақырыптарында ғылыми ой-пікір алмасты.
Пленарлық отырыста Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Мақсат Арғынбеков сөз сөйледі. Өз сөзінде Ақтоты Райымқұлова Жошы хан мұрасының қазіргі заман үшін маңыздылығын айрықша атап өтті:
«Жошы хан есімі – тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі түркі халықтарының бірлігін ұрандайтын ұлы бейне. Ұлытау топырағында қалыптасқан ортақ құндылықтар – біздің рухани тірегіміз, болашаққа аманатымыз», – деді ол.
Конференция аясында мәдени бағдарлама да ұйымдастырылды. Түркі мәдениетінің елшісі атанған «TURAN» ансамблі «TAMYR» атты ерекше концерт ұсынып, қырықтан астам ұлттық аспаптың үнін жаңғыртты. Көрермен қауым көне дәуірлерден жеткен әуендерді тыңдап, халық шығармашылығының сазды мұрасына қанықты.
Сонымен қатар, қатысушылар Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне арнайы барып, Ұлытаудың тарихи-мәдени орындарымен танысты. Қасиетті мекендегі бұл сапар түркі жұртына ортақ өткеннің терең сырын сезінуге мүмкіндік берді.
Ұлытауда өткен бұл халықаралық жиын Жошы хан мұрасын жаңғыртып қана қоймай, түркі халықтарының мәдени және рухани ынтымақтастығын нығайта түсті.