Ұлттық ұланның Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде әскери қызметшілерге қазақ тілі бойынша B1 деңгейіндегі сертификаттарды табыстау рәсімі өтті. Мемлекеттік тілді меңгеруге бағытталған арнайы курстарды аяқтап, қорытынды емтиханды сәтті тапсырған сарбаздар мен офицерлер осы сертификаттарға ие болды, деп жазады qaznews .
Оқу курстары барысында әскери қызметшілер қазақ тілінің грамматикасын терең меңгеріп, ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын жетілдірді. Сабақтарда күнделікті әскери қызметте қолданылатын кәсіби терминдер, ресми құжаттарды қазақ тілінде жүргізу ерекшеліктері де қамтылды.
Әскери бөлім басшылығының айтуынша, мемлекеттік тілді білу – әскери қызметшінің кәсіби біліктілігінің маңызды бөлігі. Қазақ тілін меңгеру ұжым ішіндегі өзара түсіністікті арттырып қана қоймай, қызметтік міндеттерді тиімді әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді.
Салтанатты шара соңында емтиханнан сәтті өткен әскери қызметшілерге B1 деңгейіндегі сертификаттар табысталып, естелік суретке түсу рәсімі өтті.


