Бұл мәселемен айналысып жүрген салық заңгері Екатерина Ким петицияны қайта қарауды талап етіп, Конституциялық сотқа жүгінуді жоспарлап отыр, деп жазады QazNews.kz
Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын контрагенттермен жасалған мәмілелер бойынша шығыстарды шегерімге жатқызуға тыйым салуға және ҚҚС мөлшерлемесін арттыруға қарсы петиция модерациядан өтпегенін салық консультанты Екатерина Ким Instagram парақшасында хабарлады.
Ұлттық экономика министрлігінің жауабында Салық кодексін парламент қабылдап, президент қол қойғаны айтылған. Министрлік заң бойынша мемлекеттік орган басшысы «парламент қабылдаған заңдарды қайта қарауға құқығы жоқ екенін атап өтті.
Министрлік сондай-ақ шегерімдерге тыйым салу нормасы бизнестегі жасанды бөлшектеу схемаларын болдырмауға және салық жүктемесін әділ бөлуге бағытталғанын жеткізді.
Мысал ретінде министрлік бір құрылыс компаниясын келтірді: компания офис, техника және автокөлік жалдау қызметтерін құрылтайшыға байланысты жеке кәсіпкерлерден алған. Әрбір жеке кәсіпкер жылына 165 млн теңге көлемінде қызмет көрсеткен, бұл жеңілдетілген декларация режимін қолдануға рұқсат етілген шекті табыстан бар болғаны 900 мың теңгеге аз. Сонымен бірге көрсетілген қызметтерді орындауға қажетті техника олардың өздерінде болмаған.
«Бұл мысал салықты оңтайландыру үшін қолданылған схемаларды көрсетеді: жалпы тәртіппен 20% корпоративтік табыс салығын төлеудің орнына, жеңілдетілген декларация арқылы шамамен 3% салық төленген», – делінген министрліктің жауабында.
Екатерина Ким петицияны 17 қазанда іске қосқан, ол қысқа уақыт ішінде алдын ала қажет 50 мың дауыс жинаған.
Петиция Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағына қатысты болды. Бұл норма жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын жеткізушілермен жасалған мәмілелер бойынша шығыстарды шегерімге енгізу мүмкіндігін алып тастайды. Автордың пікірінше, бұл бизнес үшін контрагент таңдауды шектейді, бағаның өсуіне, нарықтың монополизациясына және салық базасының қысқаруына әкеледі.
Петицияда ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендету мәселесі де көтерілді. Автордың айтуынша, бұл шағын және орта бизнес үшін ауыр жүктеме болып, жаппай жабылу немесе көлеңкеге кету қаупін күшейтеді.
Петиция авторы шегерімдерге тыйым салу нормасын Салық кодексінен алып тастауды және мәмілелерді алғашқы бухгалтерлік құжаттармен растаған жағдайда шығындарды шегерімге енгізу құқығын сақтауды ұсынды.
Сонымен бірге ол ҚҚС мөлшерлемесін көтеру және тіркеу шегін төмендету нормаларын қайта қарауды, оларды қолданысқа енгізбес бұрын бизнес, заңгерлер және сарапшылардың қатысуымен кең талқылау өткізуді талап етті.
Екатерина Ким министрліктің жауабымен және келтірілген мысалмен келіспейді. «Неге бір компанияның әрекеті үшін бүкіл Қазақстанның шағын және орта бизнесі зиян шегуі тиіс? – дейді ол. – Келесі қадамымыз – модерация шешіміне шағым беру және Конституциялық сотқа жүгіну.
Салық консультанты Президентке де өтініш жолдап, жеңілдетілген декларация режимін қолданатын жеткізушілермен мәмілелер бойынша шегерімдерге тыйым салу нормасын қайта қарауды, жаңа салық мөлшерлемелерін қоғамдық тыңдаулар өткенге дейін кейінге қалдыруды және президент әкімшілігі жанынан жұмыс тобын құруды сұраған.
Айта кетейік, ePetition платформасы іске қосылғалы бері министрліктер алдын ала 50 мың дауыс жинаған төрт петицияны қарады.
