Сенбі, 7 февраля, 2026
spot_img
Басты бетБілім және Ғылым"Қызметімнен тіл туралы жазбаларым үшін алындым" - Елдос Тоқтарбай

«Қызметімнен тіл туралы жазбаларым үшін алындым» — Елдос Тоқтарбай

Жазушы әрі баспагер Елдос Тоқтарбай Қазақстан Жазушылар одағы (ҚЖО) жанындағы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен алынғанын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай шешім Тіл мәселесіне қатысты жазбаларына байланысты қабылданған,  деп жазады QazNews.kz

Баспагердің сөзінше, бұл шешім сапарда жүрген кезінде қабылданыпты. Ол ҚЖО төрағасы Мереке Құлкеновтің кеңес төрағасы қызметінен босату туралы шешім шығарғанын, сондай-ақ кеңестегі екі әріптесіне де «орнын босатсын» деген нұсқау берілгенін жазды.

«Екі аптадай елден жырақ, сапарда жүргенімде, мені ҚЖО Төрағасы Мереке аға Құлкенов Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен ТІЛ туралы жазған жазбаларым үшін алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме “Орнын босатсын!” деп әмір беріпті», – деп жазды ол.

Елдос Тоқтарбай бұл қызметтің қоғамдық негізде, ақысыз атқарылғанын атап өтті.

«Анығында, бұл — қоғамдық қызмет, яки бір тиын алмайтын ақысыз-пұлсыз жұмыс», – деді ол.

Жазушының айтуынша, оның басты мақсаты лауазым емес, ұлттық балалар әдебиетінің беделін көтеру болған. Ол кеңес жұмысына белсенді кірісіп, бірқатар жобаны іске асырғанын атап өтті.

«Менің көздегенім — қызмет емес еді, ұлттық балалар әдебиетінің беделін көтеріп, кеңес жұмысын жандандырып, бүкіл қазақ балалар жазушыларының жоқтаушысы, қорғаушысы болсам деген ақ ниетім ғана болған-тын», – деді ол.

Автор бес айдың ішінде кеңес аясында бірқатар нақты жұмыс атқарылғанын жазды. Атап айтқанда, ұмыт қалған балалар жазушыларын түгендеу, өмірден өткен қаламгерлерді ұлықтау, бірнеше кітап сериясын іске қосу, барлығы тоғыз кітап шығару және тағы жеті кітапты баспаға дайындау қолға алынған.

Сонымен қатар, оның мәліметінше, еліміз бойынша балалар тақырыбында қалам тербейтін 117 жазушы біріктіріліп, ортақ әдеби база жасалған.

«Осы кеңеске келе сала ұмыт қалған балаларын жазушыларын түгендеп, өмірден өткендерін ұлықтап… ҚР бойынша балалар тақырыбына жазатын кәрі-жасы бар 117 жазушының басын ортақ чатқа қосып, әдеби база жасадық», – деп жазды ол.

Елдос Тоқтарбай жуырда жас ата-аналар мен балаларға арналған, тәулік бойы тегін қызмет көрсететін «ҚЖО Балалар әдебиеті» атты әдеби сайт ашуды жоспарлап жүргенін де айтты. Алайда дәл осы сәтте қызметтен алынғанын қынжыла жеткізді.

Автор өз жазбасында бұл шешімге қатысты түрлі әңгімелердің тарағанын да жоққа шығармады.

«“Мына бала Одақ төрағасы болғалы жүр” деген сыпсың сөз тарағанын өзім де талай естігенмін. Бірақ сол қаңқу сөздің бірін де елемей, еңбектене беріппіз», – деді ол.

Сөз соңында Елдос Тоқтарбай тіл мәселесінде ұстанымынан айнымайтынын меңзеп, әріптестерінен кешірім сұрады.

«Тілінің мүддесі тапталған жерде тақ үшін жанталасып, өлермендік таныту — сүйегіне Алаш рухы сіңген азаматқа жарасар қылық емес!», – деп түйіндеді ол.

Ұқсас жазбалар
- Жарнама -
Google search engine

Оқылып жатыр