Қазақстанда жаңа 2026–2027 оқу жылы басталды. Биыл ел бойынша шамамен 8 мың мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 4,1 миллионға жуық оқушы білім алуға кірісті. Оның ішінде 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, 2–4-сынып оқушылары үшін бұрынғы жиынтық бағалау түрлері – СОР мен СОЧ алынып тасталды. Енді олардың орнына әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, 5–7-сыныптарда «Конституция негіздері» атты жаңа пән енгізілсе, 8–11-сынып оқушылары «Заң және тәртіп» курсын оқиды. Бұдан бөлек, 5–11-сыныптар аралығындағы барлық оқушылар үшін «Жеке қауіпсіздік» пәні оқытылады.
Бірінші сыныпқа қабылданған балалар үшін бейімделу кезеңі қарастырылып, оқу жүктемесі жеңілдетілді. Бұл бастауыш сынып оқушыларының мектеп өміріне тезірек үйренуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылында мұғалімдерге гүл сыйлауға тыйым салынбайды, алайда бұл тек ата-аналар мен оқушылардың ерікті таңдауы бойынша жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Осылайша, жаңа оқу жылы білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтармен басталып, оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен қауіпсіздік мәдениетін арттыруға басымдық бермек.


