Қазақстан олимпиадашылар үшін ең жомарт елдердің бірі мәртебесін сақтап отыр. Бір қола медаль үшін мемлекет Олимпиада жүлдегеріне 75 000 АҚШ доллары көлемінде біржолғы сыйақы төлейді – бұл тек бірреттік төлем, бұдан бөлек ай сайынғы төлемдер де қарастырылған, деп жазады QazNews.kz
Жалпы алғанда, еліміздің көрнекті спортшылары қанша алады? Бұл туралы спорт саласының сарапшысы, Qazaq Expert Club өкілі Евгений Азарьев бөлісті.
«Ең жоғары сомалар, әрине, олимпиадашыларға тиесілі. Мысалы, Милан-2026 ойындарында медальдар үшін біржолғы сыйақылар прогрессивті шкала бойынша төленеді: алтын – 250 000 доллар, күміс – 150 000 доллар, қола – 75 000 доллар. Салыстыру үшін, АҚШ-та алтын медаль үшін шамамен 37 500 доллар, ал Германияда шамамен 22 000 доллар төленеді».
Евгенийдің айтуынша, Олимпиада – шың болса, әлем чемпионаттары мен Азия ойындары – табыстың «іргетасы». Мұнда төлемдер қарапайымдау. Мысалы, әлем чемпионатындағы алтын медаль спортшыға 15 000 доллар әкелсе, Азия ойындарында – 10 000 доллар, Универсиадада бірінші орын үшін – 15 000 доллар беріледі.
«Көпшілік біле бермейді, – деп қосады Евгений, – біржолғы сыйақылардан бөлек, ірі турнирлердің жүлдегерлері мемлекеттен ай сайынғы қамсыздандыру (стипендия) алады. 2026 жылы АЕК 4 325 теңге болған жағдайда, төлемдер мынадай: олимпиада жүлдегері айына 250 АЕК-ке дейін (1 млн теңгеден астам), әлем чемпионы – шамамен 130 АЕК (~562 000 теңге), Азия чемпионы – 90 АЕК (~389 000 теңге). Бұл төлемдер спортшыға қосымша табыс іздемей, жаттығу процесіне толық көңіл бөлуге мүмкіндік береді».
Сарапшының пікірінше, қазақстандық жүйенің бірегей ерекшелігі – атақты спортшыларға арналған «өмір бойғы зейнетақы». Спортта 20 жылдан астам еңбек өтілі бар және Олимпиадада медаль немесе (олимпиадалық спорт түрлерінен) әлем чемпионатында алтын алған спортшылар өмірінің соңына дейін ай сайын 100 АЕК (432 500 теңге) алады.
«Бұл маңызды психологиялық фактор: спортшы мансабын аяқтағаннан кейін, егер елге ең жоғары нәтижені сыйласа, мемлекет оны ұмытпайтынын біледі», – деп түйіндеді Евгений Азарьев.


