Қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтың халықаралық өрісі тағы да кеңейді. Бүгін Пәкістан Ислам Республикасының астанасы Исламабад қаласында осы елдің Тоғызқұмалақ федерациясы ресми түрде ашылып, Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов, Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұн, атқарушы директор Серік Ақтаев, сондай-ақ Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Қыстафин қатысты.
Жиналыс қорытындысы бойынша Пәкістан Тоғызқұмалақ федерациясының президенті болып Пәкістан Ішкі істер вице-министрі Давуд Бареаш сайланды.
Бұл бастаманың жүзеге асуына Қазақстан Елшілігінің белсенді қолдауы зор болды. Елшілік бастамасымен Исламабадта салынып жатқан “Достық” спорт кешенінде қазақтың ұлттық спорт түрлері – Қазақ күресі мен Тоғызқұмалақ тұрақты түрде дамытылатын болады. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін Пәкістанның басқа ірі қалаларында да осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, шахмат федерациялары арасында өзара ынтымақтастық орнатылып, аталған спорттық негізде тоғызқұмалақ ойынының оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылмақ.
Бұл бастама Қазақстанның “жұмсақ күш” (soft power) стратегиясының нақты нәтижесі болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жұмсақ күштің негізгі бағыттарының бірі – ұлттық мәдениет пен рухани мұра арқылы халықаралық байланыстарды нығайту. Осы мақсатта қазақ халқының ұлттық ойындары мен дәстүрлері – Тоғызқұмалақ, Домбыра, Абай шығармашылығы – ел имиджін қалыптастырудың мәдени құралына айналып отыр.
Бұған дейін тоғызқұмалақ федерациялары Чехия, Латвия, Моңғолия, Түркия, Оңтүстік Корея, Колумбия, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Польшада ашылған болатын. Енді Пәкістан Ислам Республикасы да Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының толық мүшесіне айналып отыр.
Айта кету керек, өткен жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Пәкістан командасы тоғызқұмалақ сайысына алғаш рет қатысып, үлкен қызығушылық танытқан болатын. Бұл – қос ел арасындағы мәдени байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің айқын көрінісі.
