Close Menu

    Subscribe to Updates

    Get the latest creative news from FooBar about art, design and business.

    What's Hot

    Олимпиада чемпиондарынан мемлекеттік басқаруға: спортшы шенеуніктерге шолу

    5 декабря, 2025

    Агенттік «Алматыэлектротранс» компаниясының бұрынғы басшысын екі жылдан бері таба алмай жатыр

    4 декабря, 2025

    Жемқорлардан тәркіленген қаражат қайда жұмсалып жатыр?

    4 декабря, 2025
    Facebook X (Twitter) Instagram
    Facebook X (Twitter) Instagram
    QazNews.kz
    Пятница, 5 декабря
    • Басты
    • Саясат

      Олимпиада чемпиондарынан мемлекеттік басқаруға: спортшы шенеуніктерге шолу

      5 декабря, 2025

      АҚШ пен ЕО әзірлеген Украинадағы бейбіт келісімнің толық құжаты жария болды

      24 ноября, 2025

      Сенатор Кузиев Салық кодексіне қатысты пікір білдірді

      17 апреля, 2025

      Алтынбек Сәрсенбаевты аттырған Назарбаев емес — Айдос Сарым

      27 марта, 2025

      Енді қазақстандықтар МӘМС-ке көбірек төлем аударуы мүмкін

      27 марта, 2025
    • Экономика
    • Жаңалықтар
    • Қоғам

      Хан тәңірі етегі — чемпиондар мекені

      17 ноября, 2025

      Петиция против запрета на вычеты и повышения НДС не прошла модерацию

      14 ноября, 2025

      Жолшылар тазалық акциясын жалғастыруда

      8 ноября, 2025

      Құжатсыз өмірдің қиындығы және жанашыр жандардың көмегі

      28 октября, 2025

      Қонаев көгінде Әнұран шырқалды

      25 октября, 2025
    • Әлемде
    • Шоу-бизнес
    • QAZNEWS TV
    QazNews.kz
    Home » Олимпиада чемпиондарынан мемлекеттік басқаруға: спортшы шенеуніктерге шолу
    Басты тақырып

    Олимпиада чемпиондарынан мемлекеттік басқаруға: спортшы шенеуніктерге шолу

    5 декабря, 20255 Views
    коллаж Dalanews
    Бөліс
    Facebook Telegram WhatsApp Copy Link

    Үлкен спорттан биліктің түрлі тармағына барған спортшылар баршылық. Олардың бір тобы осы күнге дейін Үкімет, Парламент, әкімдіктер, спорт мекемелерінде әртүрлі басшылық қызметтерде болды. Әсіресе үлкен спортта, Олимпиада, Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғап, көк туды биік ұстығандар туралы айтуға болады. Назарбаевтың дәуірінде әсіресе елдің заң шығарушы органына партиялық тізіммен өткен даңқты спортшылар аз болған жоқ. Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Мұхтар Тінікеев, Серік Сәпиев, Тарас Хитуов, Оңалбай Аяшев үлкен спортта жетістікке жеткен, халықтың жылы ықыласына бөленген тұлғалар. Олар Парламентте отандық спорттың проблемаларын көтеріп қоймай, жалпы саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени саладағы мәселелерді қозғап, көппен бірге елге қызмет етті десе де болады.

    Сол даңқты спортшылардың спортта да, саясатта да ізбасарлары өсіп келеді. Жаңа Қазақстан дәуірінде де елге спорттағы жетістіктерімен танылған азаматтарды билік тармақтарына қызметке тарту үрдісі жалғасын тапты. Олардың арасында облыс әкімдіктері, Туризм және спорт министрлігі, түрлі салалық федерациялардың басшылық құрылымдарында орта еңбек етіп жүргендер баршылық.

    Dalanews.kz сайты мен “Қала мен дала” газеті солардың кейбіріне шолу жасап, жақынырақ таныстыруға тырысты. Олардың осындай жауапты қызметті атқаруға тәжірибесі және білімі мен беделі жете ме? Спортшы шенеуніктердің ел басқарудағы тәжірибесі халықтың көңілінен шыға ма, олар қаншалықты білікті басшы бола алды? Бұл сауалдарды біз оқырманның өзіне қалдырамыз.

    НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ

    ©Фото: gov.kz

    Нұрбақыт Теңізбаев – Алматы облысы Кеген ауданының әкімі. Жиырма мыңнан астам халқы бар ауданды соңғы 2 жылдан бері басқарады. Жасы 42-ге келген мемлекеттік қызметкер қазіргі Жетісу облысы Панфилов ауданы Үшарал ауылында туған. Грек-рим күресінің шебері Олимпиаданың күміс жүлдегері, Азия, Әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Үлкен спорттан кеткен соң Нұрбақыт Молдахметұлы жергілікті атқарушы билік саласында қызмет атқара бастады. Өмірбаяндық деректерде ол спорт және денешынықтыру мекемелерінде нұсқаушы, әдіскер болды. Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры. Ал билікке 2018 жылдың қазан айында араласа бастады. Сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов олимпиада жүлдегерін өңірдегі Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымына тағайындайды. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін 2023 жылы шілдеде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Кеген аудандық мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша Алматы облысы әкімінің өкімімен Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауданының әкімі лауазымына барған еді.

    Кейбір БАҚ Теңізбаевты 2025 жылдың басында Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалады деп жазды. Алайда ҚР Туризм және спорт министрі жанындағы өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Алматыға Нұрбақыт Теңізбаев емес Дархан Нұрханұлының кандидатурасы бекітілген. Ал даңқты спортшы Кеген ауданындағы қызметін жалғастырып жатыр.

    АСХАТ ШАХАРОВ

    ©Фото: gov.kz

    Ақтөбе облысының қазіргі әкімі Асхат Шахаров та спорттық мансабында халықаралық аренада ел намысын қорғаған танымал тұлға. Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, Қазақстан еңбек сіңірген спорт шебері деген атақ-даңқы бар. Сиднейде өткен 2000-ші жылғы жазғы олимпиадада ұлттық құрама сапында күресіп, 5-ші орынға тұрақтаған.

    Асхат Шахаров 1978 жылы Ресейде қазақтар көп қоныстанған Орынбор облысында дүниеге келген. 2005 жылғы қарашадан Ақтөбе педагогикалық институты дене тәрбиесі кафедрасының доценті.
    Ал 2007 жылғы сәуірден Ақтөбе облыстық олимпиадашылар резервін дайындау орталығының директоры. Ал саяси мансабын 2013 жылы БҚО Қаратөбе ауданы әкімі, 2017 жылы Зеленов ауданы әкімі ретінде бастайды. Ал 2020 жылы Ақтөбе қаласының әкімі боп тағайындалады. Кейін Президент әкімшілігіне қызметке ауысады. Сосын Жаңа Қазақстан дәуірі келгенде Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындалып, 2023 жылдан бері Ресеймен шекаралас өңірді басқарып отыр.

    БАҚТИЯР АРТАЕВ

    ©Фото: gov.kz

    Бақтияр Артаев орта буын спортшылар ішінде халыққа танымал және өзіндік симпатиясы бар, белгілі спортшы. Оның спорт мансабымен бірге мемлекеттік қызметтегі жолы да ерте басталды. Тараздың тумасы бала кезінен бокспен шұғылданып, Олимп шыңына шыққан санаулы қазақтың бірі. Афина олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев Нұрбақыт Теңізбаевпен түйдей құрдас.

    Бақтияр Артаев қазір Қызылорда облысының Спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы. Оның мемлекеттік қызметтегі мансабы ауыл әкімі лауазымынан басталған.

    Құқықтану, менеджмент, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандықтары бойынша М.Қ.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдаған.

    Еңбек жолында газ саласында, ішкі әскерде кіші қызметкер болып жұмыс істеген. Ал 2008 жылы небәрі 25 жасында Тараз қаласының маңындағы Айша-Бибі ауылдық округінің әкімі болып тағайындалады. Одан кейін Жамбыл облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарды. Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл обылысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары қызметіне ауысты. Кейін Бақтияр Артаев атындағы бокс сарайының директоры болған. «Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубында, бокс федерациясында түрлі қызметтер атқарды. Бақтияр Артаев 2014 жылы Айсұлу Ибрашова атты әйел адамды ұрды деп, басы дауға қалған болатын. Ал 2021 жылы боксшы Бақыт Сәрсекбаев Артаевты бокстағы бәсекелестікке қатысты айыптап, үндеу жолдаған еді.

    СЕРІК СӘПИЕВ

    ©Фото: qazsporttv.kz

    Бокс әлемінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткен спортшының бірегейі – Серік Сәпиев. Ол 2012 жылы Лондон олимпиадасының чемпионы болмай тұрып, Әлем және Азия чемпионаттарында атой салған боксшы. Даңқты спортшы Әлем чемпионатының 2, Азия чемпионатының 2 алтынын жеңіп алған. Ал Олимпиадада Бақтияр Артаев сияқты Вел Баркер кубогын иеленген қазақ бокс шебері.

    Серік Сәпиев те Нұрбақыт Теңізбаев пен Бақтияр Артаевтың құрдасы. Ол 1983 жылы Қарағанды облысында туған. Сәпиевті де Назарбаев дәуірінде мемлекеттік лауазымды қызметтерге ерте араластырды. Ол 24 жасында “Астана Арланс” бокс клубының бас директоры қызметіне тағайындалды. Ал саяси мансабы 2017 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығынан басталды. Заң шығарушы орган креслосында 1 жыл ғана тұрақтаған Серік Сәпиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне комитет төрағасы лауазымына жұмысқа ауысты. Ал 2024 жылы Қарағанды Спорт және денешынықтыру басқармасының бастығы, 2025 жылы Ұлттық Сурдлимпия комитетінің президенті лауазымына тағайындалған.

    Даңқты боксшы министрліктегі Спорт комитетін басқарған тұста екі бірдей орынбасары жемқорлықпен ұсталды. Көп ұзамай Сәпиев те Үкіметтегі лауазымынан босатылды. Сондай-ақ ол 2023 жылы Зелимхан Мусиханов есімді споршымен Batyrball турнирі кезінде жанжалдасып, артынан БАҚ бетінде оның қызба мінезі талқылауға түсті. Серік Сәпиев қазақ тілін жетік білмегені үшін де жиі сынға ұшырайды.

    АҒАЙЫНДЫ ҰЛАН РЫСҚҰЛ ЖӘНЕ РУСЛАН ӘБДІРАЗАҚОВ

    ©Фото: gov.kz, baribar.kz

    Қазақ споршыларының ішінде қаптағай денелі, еңсегей бойлы Ұлан Рысқұлға да соңғы жылдары атқарушы биліктің қайыс креслосына жайғасты. Ұлан Ғалымұлы Жетісу облысы әкімінің өкімімен екі рет өңірдің Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол 2023 жылы наурызда облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың өкімімен Жетісу облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасын басқаруға тағайындалады. Алайда 2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы жетістіктердің төмендігі өңірдегі басқарма жетекшілерін жұмыстан алуға ұласты. Ұлан Рысқұл да осы лекпен қызметінен босатылған еді. Балуан араға 8 ай салып, қайтадан Талдықорғанға оралды. Өзі келгенше бос тұрған лауазымға ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан барысының үш дүркін жеңімпазы Ұлан Рысқұлды қайта жіберді. Ол қазір Жетісу облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

    Ұлан Рысқұл 1986 жылы Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас кентінде туған. Үш университеттің дипломын алған. Дзюдодан Қазақстанның 3 дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері. «Қазақстан Барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы. Қазақ күресінен спорт шебері.

    Жастайынан күреспен айналысқан Ұлан Рысқұлдың қандайда бір даулы оқиғаларға қатысы жоқ. Ашық дереккөздерінде ондай ақпараттар айтылмайды. Оның туған інісі, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жүлдегері Руслан Әбдіразақов та жаңа қызметке тағайындалды.
    Белгілі балуан биыл мамыр айында Алматы облысының Балқаш ауданындағы спорт мектебіне директоры қызметіне бекітілді.

    Ол дзюдо күресінен ел чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. Сондай-ақ, 2014 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатына қатысқан. Руслан қазақ күресінен 2019 жылы 100 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Айта кету керек Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақов қазіргі Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың жерлесі. Олар Алматы облысы Балқаш ауданы Бақанас ауылынан шыққан.

    АЙБЕК НҰҒЫМАРОВ

    Қазақ күресінің тағы бір шебері Айбек Нұғымаров қазір Абай облысында мемлекеттік қызметкер. Ол биыл қазан айында Абай облысы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Айбек Серікболұлы 1987 жылы Абай ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. Семей политехникалық колледжін «Заңгер» мамандығы бойынша, Семей мемлекеттік педагогикалық институтын «Дене шынықтыру» мамандығы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық – заң университетін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Семей қаласы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резервтегі № 1 балалар – жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы – оқытушы болып бастаған.
    2019 жылдан бастап Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры қызметіне тағайындалды.Қазақ күресінен он дүркін Қазақстан чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы, «Әлем Кубогының» үш дүркін иегері, Қазақ күресінен Әлемнің төрт дүркін чемпионы, «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің төрт дүркін чемпионы, «Әлем Барысы» халықаралық турнирінің үш дүркін чемпионы, «Қазақстан Барысы» турнирінің екі дүркін чемпионы. Республикалық саяси кеңестің мүшесі, «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, VII, VIII шақырылған Абай облыстық мәслихат депутаты болған. Бірқатар мемлекеттік награда мен жоғары дәрежелі марапаттары бар.

    АСҚАР МОЖАНОВ

    ©Фото: gov.kz

    Шығыс Қазақстаннан шыққан кикбокс шебері Асқар Можанов та өңірдің спорт саласына жетекшілік етеді. Спортшы 2009 жылдан бері ШҚО Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы. Ол бұл қызметтен бірнеше рет кетіп, бірнеше рет орылған. Шенеунік 1973 жылы 13 маусымда Өскемен қаласында дүниеге келген. 1995 және 2010 жылдары С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт», «Мемлекеттік және жергілікті басқару»  мамандықтары бойынша аяқтаған. «Алтай» кәсіби-спорттық клубының директорының орынбасары болып қызмет атқарды. Өскемен қаласының дене шынықтыру және спорт, білім және спорт, спорт және туризм бөлімдерін  басқарды. Ол кикбокстан КСРО чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионы және Азия құрлығының чемпионы.

    АРМАН ӘБЕУОВ

    ©Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі

    Мемлекеттік қызметте абыройлы қызмет атқарып жүрген тағы бір спортшы Арман Әбеуов Қазақстан армиясының Орталық спорт клубының басшысы, полковник. Ол Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы болды. Мемлекеттік күзет қызметінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.

    Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Әбеуов – самбодан үш дүркін Әлем кубогының иегері, дзюдодан Азия чемпионы, самбодан, дзюдодан және қазақша күрестен он дүркін Қазақстан чемпионы.

    АҚЖҮРЕК ТАҢАТАРОВ

    ©Фото: Туризм және спорт министрлігі

    Бүгінгі шолуымызды тағы бір даңқты спортшы, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы Ақжүрек Таңатаровпен қортындылаймыз. Ол да атқарушы билікте лауазымды қызмет атқарады. Спортшы қазір Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі. Оған дейін 2024 жылы Ақжүрек Таңатаров Жамбыл облысы әкімінің спортты дамыту жөніндегі кеңесшісі (штаттан тыс) болып тағайындалған. Одан бұрын Жамбыл облысында бірнеше спорт мектептерінде директорлық қызметтер атқарған. Ақжүрек Таңатаров Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында 1986 жылы өмірге келген.

    Ақжүрек Таңатаровдың есімі бұдан бұрын кейбір даулы оқиғалармен байланысты БАҚ беттерінде де айтылды. Жамбыл облыстық Спорт басқармасына қарасты мектепте жұмыста жоқ 9 адамға жалақы төленген деген дерек айтылды. Ақжүрек Таңатаров сол кезде Тараз қаласындағы Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде директор болатын. Көп ұзамай осы жанжалды басу үшін ол қызметтен кетті. Осы мектепті 4 жыл басқарған Олимпиада жүлдегері лауазымнан босатылған соң Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, биыл Алматы облысында басқарма басшысы лауазымына дейін өсті.

    Жалғасы бар…

    саясат спорт спортшы шенеуніктер шенеуніктер
    Share. Facebook Telegram WhatsApp Copy Link

    Оқи отырыңыз

    Агенттік «Алматыэлектротранс» компаниясының бұрынғы басшысын екі жылдан бері таба алмай жатыр

    4 декабря, 2025

    Жемқорлардан тәркіленген қаражат қайда жұмсалып жатыр?

    4 декабря, 2025

    Петропавл әкімдігі 340 млн теңгеге екі үй сатып алды: халық түсініктеме талап етуде

    4 декабря, 2025
    Demo
    Жазбалар

    Changan Automobile & FLYING AUTO: Алматыда дистрибьюторлық келісім жасады

    6 марта, 20253 554 Views

    Инженеры алматинского филиала центра дорожного качества выявили 97 дефектов за восемь месяцев

    26 августа, 20253 439 Views

    Қарасай ауданында жаңа мектептер ашылды, бірақ мамандар тапшылығы мәселесі бар

    12 января, 20253 277 Views

    Алматы облысында тоғызқұмалақтан Сенат турнирі өтті

    19 июля, 20242 378 Views
    Оқылып жатыр
    5 декабря, 2025

    Олимпиада чемпиондарынан мемлекеттік басқаруға: спортшы шенеуніктерге шолу

    Үлкен спорттан биліктің түрлі тармағына барған спортшылар баршылық. Олардың бір тобы осы күнге дейін Үкімет,…

    Агенттік «Алматыэлектротранс» компаниясының бұрынғы басшысын екі жылдан бері таба алмай жатыр

    4 декабря, 2025

    Жемқорлардан тәркіленген қаражат қайда жұмсалып жатыр?

    4 декабря, 2025

    Петропавл әкімдігі 340 млн теңгеге екі үй сатып алды: халық түсініктеме талап етуде

    4 декабря, 2025
    Байланыста бол
    • Facebook
    • Twitter
    • Pinterest
    • Instagram
    • YouTube
    • Vimeo
    Demo
    Facebook X (Twitter) Instagram Pinterest Dribbble
    • Жоба туралы
    • Жарнама
    • Редакция
    • Сайт ережелері
    © 2025 QazNews.kz порталы. Designed by QazNews.kz.

    Type above and press Enter to search. Press Esc to cancel.