Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі көлік саласындағы екі лауазымды тұлғаны ұстады. Олар кәсіпкерлерден 40 миллион теңгеден астам көлемде заңсыз сыйақы алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
ҰҚК мәліметінше, тамыз айында прокуратура органдарының үйлестіруімен Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасының орынбасары және Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары ұсталған.
«Олар салмақтық нормадан асып кеткен жүктерді тасымалдаған көлік құралдарының кедергісіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында заңсыз әрекеттер жасады деген күдікке ілінді», – делінген комитет хабарламасында.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер кәсіпкерлерден жалпы сомасы 40 миллион теңгеден асатын материалдық сыйақы алған.
Сот санкциясымен ұсталғандар қамауға алынды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.


