Көлік министрлігіне қарасты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесі ұйымдастырған «Сапа керуені» баспасөз туры Алматы қаласынан бастау алып, Жетісу облысындағы қазақ-қытай шекарасына дейін барды. БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерінің басын қосқан сапардың мақсаты — жолдың жай-күйін бүкпесіз баяндау, қолданысқа берілген «Талдықорған — Өскемен», «Үшарал — Достық» автожолдарының сапасын байқау, деп хабарлайды QazNews ақпарат агенттігі.
БАҚ өкілдері мен Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетінің мамандары, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мекемесінің басшылық құрамы мінген автобус Алматы қаласынан шығып, «Достық» қалашығына дейін барды, Жол мамандары жуырда қолданысқа берілген Талдықорған — Өскемен, Үшарал — Достық жолдарының құрылысы мен сапасына қатысты сауалдарға жауап берді. Тапсырыс беруші «Қазавтожол» ұлттық компаниясының Жетісу облыстық филиалын басқаратын Нұрхат Дотанұлы жол бойындағы жайлылық туралы да айтты.
«Жылы дәретханаларға байланысты жол бойында жағдай күрделі. Осы мәселені реттеу мақсатында осы жобаға 300 шақырымның – әр 30-40 шақырым сайын сауда нүктесі бар орындардың жанына 10 жерде дәретхана салдық. Бірінші учаске биыл 21 шілдеде толық пайдалануға берілген. Учаскені қытай компаниясы аяқтап, оның талапқа сай келетінін «PK-Engineering» деген техбақылау мекемесі тексерген», — дейді ҚазАвтоЖол ҰҚ АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.
Ал жолдың сапасына жауапты мекеме құрылыс барысында түрлі сынамалар алып, күре жолдың талапқа сай, төзімді болуын қадағалаған. Талдықорған-Өскемен жолының Жетісу облысындағы жөндеу учаскесінің ұзындығы 314 шақырым. Аталған жоба басталғалы осы учаскелер Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бақылауында болған. Сараптама нәтижелері бойынша 175 (10%) сынама нормативтік талаптарға сәйкес келмейтін жол-құрылыс машинасы сынамалары, сондай-ақ, 321 ақау анықталды және оның барлығы жөнделді дейді мекеме басшысы Болатбек Айтбаев.
«Талдықорған-Өскемен жолы бойынша 429 инспекциялық шолу ұйымдастырылған. Оның шеңберінде 1640-қа жуық сынама зерттеуге алынды. Сапасы жағынан 10% талапқа сай келмеді. Сол себепті мердігер өз қалтасынан 341 млн теңгеге қайта құру жұмыстарын жасады. Сапаны тексеру кезінде жемқорлық фактілерімен күресу үшін бірінші кезекте кадр таңдауда қатаң қараймыз. Бізде істейтін жұмысшылар бірнеше сынақтан өтеді. Сонымен қатар, біз цифрландыруға да көштік. Сынамалар арнайы штрих-кодпен мөрленген пакетке салынады және ол сынама қай нысаннан келгені де құпия қалады. 2019 жылдан бері 146 мың сынама алып тексерістен өткіздік» — дейді Болатбек Қобланбекұлы.
Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасеновті сөзге тарттық. Ол Қазақстанда 95 мың шақырым жол барын, оның 70 мың шақырымы жергілікті жерге жатса, 25 мың шақырымы республикалық желіге жататынын мәлімдеді.
«Биыл республикалық маңызы бар 12 мың шақырым жолды реконструкция жасау, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 12 мың шақырым жолдың 7800 шақырымы республикалық желіге тиесілі болса, 4200 шақырым жергілікті желіге қарайды. Жолдарды кезең-кезеңімен ретке келтіріп жатырмыз. Оның ішінде әсіресе, кешігіп жатқан жобалар бар. Өзіміз бойында тұрған Талдықорған – Өскемен жолы 768 шақырымды құрайды. Қазір оның 750 шақырымы жаңа асфальт қабатымен жол ашылды«, — дейді Хасенов.
Кез келген реконструкциясы аяқталған жолдың өзінің мерзімдері бар. Бес жылдан кейін ол жолды қайтадан орташа жөндеуден өткізуі мүмкін. Үздіксіз қолданыста болғаннан кейін оларды күтіп ұстау керек. Биыл Қазақстанда жолға 500 млрд теңгенің көлемінде қаражат бөлінген.