Қазақстан Парламенті Құрылтайында бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыс тәртібіне қатысты жаңа талаптар журналистер арасында талқылау туғызды. Парламент дәліздеріндегі әңгімелесу кезінде БАҚ өкілдеріне депутаттармен кулуарлық форматта еркін сөйлесу мүмкіндігі өзгеруі ықтимал екені айтылды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Журналистер алдағы уақытта қай жерде және қандай тәртіппен жұмыс істей алатынын сұрағанда, бұл мәселеге Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков жауап берді.
Оның айтуынша, баспасөз қызметі журналистердің қозғалысын реттеп, түсірілім жүргізетін және ақпарат жинайтын нақты орындарды белгілеу құқығын өзінде қалдырады.
БАҚ өкілдері депутаттар мен спикерлерге ресми брифингтерден тыс уақытта да тікелей сұрақ қою мүмкіндігі сақтала ма деген сауал көтерді.
– Жоқ, тек баспасөз орталығында ғана. Құрылтай жұмысын енді ғана бастады. Үш күн ғана жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі ұсынылып отырған бастапқы формат осындай, – деді Болат Кальянбеков.
Әзірге депутаттарға кулуарларда жақындап, жедел пікір алу тәжірибесі сақтала ма, әлде журналистердің жұмысы толықтай арнайы баспасөз орталығымен шектеле ме – бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Өз кезегінде журналистер мұндай шектеулер қоғамның заң шығарушылардан жедел әрі бейресми пікір алу мүмкіндігін азайтуы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Олардың пікірінше, кулуарлық сұхбаттар ресми күн тәртібіне енбеген өзекті мәселелер бойынша депутаттардың көзқарасын білуге мүмкіндік береді және қоғам үшін маңызды ақпарат көздерінің бірі саналады.


