Бүгін, 9 қыркүйек күні сағат 09:09-да V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бағдарламасы аясында Тоғызқұмалақтан алғашқы ойындар басталды, деп хабарлайды QazNews.kz
Қатысушылардың алғашқы жүрістері 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, 9 ұядан басталып, есептеу жылдамдығымен сайысқа түсті. Уақыттың мұндай рәміздік таңдауы Тоғызқұмалақ күніне орайластырылып, Көшпенділер ойындары аясында өткізіліп отыр. 2020 жылдан бері бұл оқиға Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бастамасымен аталып өтіледі.
Ашылу салтанатында сөз сөйлегендер: Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық дирекциясының басшысы Наиль Нұров және ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Құттықтау сөзінде Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов бұл күні тоғызқұмалақ логикалық ойыны бойынша рекордтар орнатуға арналған маңызды шараның да өтіп жатқанын атап өтті. «Сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін 150 мыңнан астам адам мектептерде, университеттерде, колледждерде және жұмыс орындарында өз тақталарын пайдалана отырып, блиц форматында тоғызқұмалақ ойнайды. Ал осы айтулы күнге орай тоғызқұмалақтың зияткерлік ойынының жиынтығы ашық ғарышқа жіберілді», – деді Әлихан Бәйменов.
Осылайша, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы тоғызқұмалақ турнирінде өз шеберліктерін 41 елден, оның ішінде Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка елдері және араб елдерінен келген 114 қатысушы көрсетеді.
Айта кетейік, Астана қаласындағы «Думан» қонақүйінде 13 қыркүйекке дейін тоғызқұмалақ, Мангала және Овари ойындары бойынша жарыстар өтеді.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарының бірі, ол зияткерлік қабілеттерді дамытуға арналған. 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енгізілді. Ал 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен 9 қыркүйек Тоғызқұмалақ күні болып белгіленді. Дүниежүзілік және Қазақстандық тоғызқұмалақ федерациясының президенті – Әлихан Бәйменов. Федерация өткен жылдан бері ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.
Овари – Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны, оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатардан тұратын алты бірдей ұя орналасқан, олар 12 кішкентай ұяны құрайды және жиналған тастарды сақтауға арналған үлкен ұялар бар. Овари ойыны 48 шармен ойналады.
Мангала – түрік халқы арасында танымал зияткерлік ойын. Оны да екі ойыншы ойнайды, ойын тақтасында алты бірдей ұядан тұратын екі қатар орналасқан, олар 12 кішкентай ұяны құрайды және шарларды сақтауға арналған үлкен ұялар бар. Мангала ойыны 48 шармен ойналады.