Астанада Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі жалпы құны шамамен 90 миллион теңге болатын элиталық сағаттардың ұрланғаны белгілі болды. Тергеу мәліметінше, күдікті түпнұсқа сағаттардың орнына олардың көшірмелерін қалдырып кеткен, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Полицияның хабарлауынша, оқиға Байбектің отбасы шетелде жүрген кезде болған. Күдікті – 31 жастағы ер адам. Ол бұрын Байбектің көмекшісінің көмекшісі қызметін атқарып, үйдің ішкі жағдайын жақсы білген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ер адам қызметтік автокөліктен алған қосалқы кілттердің көмегімен үйге бірнеше рет кіріп, Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne брендтерінің қымбат сағаттарын алып кеткен. Олардың орнына алдын ала дайындаған көшірмелерін қойған.
Отбасы Қазақстанға оралғаннан кейін сағаттардың түпнұсқа емес екенін байқап, құқық қорғау органдарына жүгінген. Көп ұзамай күдікті қолға түсіп, өз кінәсін мойындаған. Ол сондай-ақ ұрланған сағаттарды сатып алған адамның кім екенін де айтқан.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


