19 тамызда 24KZ эфирінде Құрылтай сайлауы қарсаңындағы маңызды саяси пікірталас – «Басты дебат – 2026» өтті. «Дамыған экономика – қуатты қоғам» тақырыбында жеті партияның көшбасшылары елдің болашағына қатысты өз ұстанымдарын ортаға салды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Партиялар әр бағытқа басымдық берді. «Ауыл» ауылдың дамуы мен агросекторды, «Ақ жол» кәсіпкерлік пен экономиканы, Respublica технологиялық даму мен жаңа мүмкіндіктерді, «Әділет» әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, ЖСДП әлеуметтік әділеттілік пен халықтың әл-ауқатын, Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік қолдауды алға шығарды.
Ал «Байтақ» жасылдар партиясы ел дамуының ажырамас бөлігі ретінде экология мәселесіне ерекше назар аударды.
Партия жетекшісі Азаматхан Әміртаевтың көтерген сұрағы қарапайым болғанымен, салмағы ауыр:
2025 жылы экологияға 813 млрд теңге жұмсалды. Бірақ осы қаржыдан кейін ауамыз тазарды ма? Суымыз көбейді ме? Табиғатымыз жақсарды ма?
Егер экологияға жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінсе, оның нақты нәтижесі халыққа көрінуі тиіс.
«Байтақтың» ұстанымы да осында: экологияға бөлінген қаражаттың қайда, қалай жұмсалғанын бақылау және оның нақты нәтижесін талап ету.
Экономика дамуы мүмкін. Өндіріс өсуі мүмкін. Бірақ таза ауа, таза су және қауіпсіз қоршаған орта болмаса, дамудың адам өміріне пайдасы қанша?
Кешегі дебаттың негізгі түйіні де осы: партиялар Қазақстанның болашағына қатысты әртүрлі жол ұсынды. Ал «Байтақ» сол болашақтың қандай ортада қалыптасатынына назар аударды. 813 млрд теңге – жай ғана бюджеттегі сан емес. Оның нәтижесін халық сезінуі керек.


