Бала кезімде журналистика беймәлім, бөлек әлем секілді көрінетін. Мамандықтың нақты бағдарын елестете алмасам да, оның қоғамдағы орны ерекше екенін ішкі түйсігіммен сезетінмін. Кішкентай кезімде теледидардан Бейсен Құранбек, Дина Төлепберген, Анна Данченко секілді журналистер жүргізетін бағдарламаларды үзбей көретінмін. Олардың сөйлеу мәнері, сұрақ қоюдағы батылдығы, ең бастысы – шындықты бүкпесіз жеткізуі мені бейжай қалдырмайтын.
Бірде кешкі шай үстінде отбасымызбен бірге «Астарлы ақиқат» бағдарламасын тамашаладық. Бағдарламада қозғалған тақырыптар қоғам үшін ауыр, кейде тіпті айтуға ұят саналатын мәселелер еді. Әкем бұл бағдарламаны көруімізге үзілді-кесілді қарсы болды. Оның қарсылығы шектеу қою үшін емес, «мұндай жағдайлар сенің өміріңде болмауы керек» деген әкелік қамқорлықтан туғанын кейін түсіндім. Әпкем үнсіз ғана келісті, ал мен ішкі қарсылығымды жасыра алмадым.
Мен бұл бағдарламаны жай қызық үшін емес, жүргізушінің сөйлеу мәдениетіне, ақиқаттың ашық айтылуына таңданып көретінмін. Сол сәтте алғаш рет әкеме қарсы шығып, өз ойымды қорғадым. Неліктен мұндай бағдарламалар қажет екенін, шындықты айтпай қоғам дамымайтынын барынша дәлелдеуге тырыстым. Анам менің ішкі қызығушылығымды бірден түсінді. Ол үндемеді, бірақ жылы көзқарасынан қолдау сезіндім. Бұл менің журналистикаға деген алғашқы саналы қадамым еді.
Басында журналистер мен үшін тек дикциясымен, сөйлеу шеберлігімен ерекшеленетіндей көрінетін. Соларға еліктеп, үйдегі жаңалықтарды репортаж түрінде жеткізетін әдет таптым. Әпкем бұл қасиетіме таңдана қарайтын, ал мен бала арманымның қанаттанып жатқанына мәз болатынмын.
Уақыт өте келе журналистиканың тек әдемі сөйлеу немесе мәтінді мүдірмей оқу емес, ақиқат жолындағы күрес екенін түсіндім. Қоғамда кейде журналистерді «өсекшіге» теңейтін көзқарас бар. Алайда өсек – дәлелсіз сөз, ал журналистика – дерек пен фактіге негізделген жауапты еңбек. Журналист бір ғана жалған ақпарат үшін өз абыройы мен мансабынан ғана емес, қауіпсіздігінен де айырылуы мүмкін. Сондықтан бұл мамандық батылдықты, үлкен жауапкершілік пен тәуекелге бел байлай білуді талап етеді.
Шынымды айтсам, менің бойымда батылдық бірден пайда болған жоқ. Мамандық таңдау кезінде қоғамның қысымын сезіндім. «Тұрақты», «ақшасы көп», «қиналмайтын» мамандықты таңда деген кеңестер жиі айтылды. Бір уақытта көптің айдауына көніп, филология мамандығына бет бұрғаным да бар. Бірақ жүрегім тыншымады. Тамыз айы жақындап барлық қатарластарым мамандықтарын таңдап, түрлі дайындық курстарын ала бастаған кез. Мен де қалыспай қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен курс алдым. Екі күн нәр татпай, бөлмемненшықпай, сабаққа ден қойдым. Анашым менің өзімді қинапжүргенімді анық байқады. Ақыры: «Егер ішкі жан дүниең бұл мамандықты қаламаса, өзіңді қинама. Сүймеген ісіңнен бақыт таппайсың», – деді.
Ата-анасының әр сөзін мұқият тыңдап, өз дегенін емес,сол кісілердің ақылымен жүріп-тұратын мен үшін бұл сөздер «еркіндік алумен» тең болды. Сол күннен бастап журналистика саласында өз шығармашылығымды шыңдай бастадым. Қоғам нұсқаған бағдарды емес, жүрегім қалаған жолды таңдадым. Осылайша әр журналистің батыл қадамы мамандығын шүбәсіз таңдаудан басталады деген ой туды.
Бұл жолда материалдық табысқа, атақ-абырой мен жайлы өмірге ұмтылмаймын. Мен үшін маңызды миссия –сөз арқылы адамға, қоғамға әсер ету, жақсы жаққа өзгерту. Әр жазбам арқылы адамдарға келелі ой салып, олардың таным көкжиектерін аша аламын деп сенемін. Мәселен,республикалық «Фараби шәкірті» журналына «Қоғамнан адамды шеттету қаншалықты дұрыс және оның шешімі бар ма?» атты буллинг мәлелесі жайында мақалам жарық көргеннен кейін мектебіміздің оқушыларымен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасып, өзара талдау жасап, ақпарат алмастық. Іштей қатты қуандым. Бір мақалам оқушыларға ой қосып жатса, болашақта өзекті бағдарламажүргізу арқылы күллі халыққа әсер ете аламын. Демек, әр мақала – үндеу, әр сұхбат – жауапкершілік, әр зерттеу – әділетке жасалған қадам.
Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген еді. Ендеше журналист – сол көздің қарашығы, сол тілдің шындығы болуға тиіс. Ал шындық – кейде өткір, кейде ащы, бірақ қашанда ем. Себебі қоғамды алға сүйрейтін – жалған жылтыр сөз емес, жүректен шыққан әділ пікір. Бұған тарихтағы тұлғалар да дәлел. Қазақтың тұңғыш әйел журналисі Нәзипа Құлжанованы ата-анасы күштеп тұрмысқа бермекші болғанда, өз құқығын қорғап, қарсылық білдіріп, сотқа жүгініп әділдікке қол жеткізуі журналистиканың тек сөз емес, әрекет екенін көрсетеді.
Журналист – белгілі бір деңгейде психолог. Себебі ол қоғамның жан айқайын тыңдап, адамдардың ішкі күйін сезінеді. Бұл мамандықта эмпатия мен әділдік қатар жүруі тиіс. Кейде жанашыр бола тұра, бейтарап көзқараста қалу – нағыз кәсібиліктің белгісі.
Қорытындылай келе, ақпараттың ағыны тасқындап тұрған заманда жаңалық жеткізу – оңай, ал шындықты жеткізу – жауапкершілік. Бүгінгі медиакеңістікте журналист – тек хабаршы емес, қоғамдық ойдың сәулетшісі, ардың айнасы, уақыттың үні. Мен үшін журналист болу – ақпарат тарату емес, қоғамның тамырын басу; жай ғана жазу емес, жанайқайға үн қосу; оқиғаны баяндау емес, өзгеріске жол ашу. Мен жаңалық жеткізуші емес, жаңару бастаушысы болғым келеді. Қоғамға әсер ететін, ой салатын, селт еткізетін журналист болу – мақсатым.
Айғаным Шайдарбекова
Абай ұлттық мектебінің 11 сынып оқушысы


