Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракцияның депутаттарына баспанасынан айырылған бір топ зейнеткерлер келіп жүгінген. Бүгінгі таңда елімізде алаяқтар халықтың баспанасын алдап не тартып алатын жаңаша қылмыстық әрекетке көшкен. Депутаттар жағдай бұдан әрі ушықпай тұрғанда азаматтарды қорғаудың жедел шараларын қабылдау қажет екенін айтты, деп жазады QazNews.kz
Депутаттарға жүгінген қариялардың дені онлайн-алаяқтардың құрбаны болып отыр. Оларға алаяқтар телефон арқылы психологиялық қысым көрсетіп, тіпті қорқытып, жымысқы істерін жүзеге асыруда. Осылайша олар азаматтардың жалғыз баспанасын жалған құжат арқылы сыбайластарына сатып жіберуде.
Жапа шеккендердің көпшілігі 60 пен 80 жас аралығындағы қариялар. Басым бөлігі жалғыз басты. Алаяқтар қорғансыз қарттарды іздеп тауып, сан соқтыруда.
«Тіпті қылмыс жасаушылар қарттардың жеке деректері мен денсаулығына байланысты құпия ақпараттарды да түгел білуі бізді таң қалдырып отыр. Демек алаяқтар жеке деректер сақталатын цифрлық базаның да құпиясын біледі деген күдік бар. Қазіргі таңда жәбірленушілердің көп бөлігі өз пәтерлерінен күштеп шығарылған. Қазір олардың кейбірі жалдамалы пәтерді паналаса енді біреулері саяжайларда күнөлтуде», — дейді депутат Наурыз Сайлаубай.
Тіпті басар жер-басар тауы қалмаған қарттың бірі жануарларға арналған приютта тұрып жатқаны туралы да ақпарат келіп түскен.
Енді ерекше бір айта кететін дүние, көп жағдайда сот органдары пәтерді сату мен сатып алу мәмлелерінде күмәнді жағдай болса да, оны жарамсыз деп танымайды. Осылайша баспанасыз қалған тұлғаға заңға сай, уақытша болса да паналайтын орын ұсынбайды. Бұл жағдай неге ескерілмей қалып отырғаны тағы да беймәлім.
Депутаттарға келген зейнеткерлердің қатарында қатардың кейбіріне пәтерінен бөлек несие рәсімделіп, аттарына түрлі әшекей-бұйымдар да алынған. Мысалы: Попова Т. А. есімді азамат — 43 млн тг шығын көрген. Шайхиева Р. А. II топ мүгедегі онкологиялық есепте тұрғанына қарамастан — 38 млн тг шығын көрген. Ал Нараевтар отбасы шамамен — 60 млн теңгеден астам қаражатынқайтара алмай қиналып жүр. Бұл жағдай құқық қорғау органдары мен прокурорлық қадағалаудың жедел реакциясын талап етеді. Біздің ойымызша көбінесе қылмыстық фактілерге жеткілікті назар бөлінбеуінен және қылмыстарға дер кезінде әрекет етпеуден жоғарыдағы жағдайлар туындап отыр.
Ұсыныс
Депутат осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокурорына бірнеше ұсыныс жасады:
- Мәселеге байланысты Сот шешімдерінің заңдылығын кешенді тексеріп,
- Жәбірленушілердің қылмыстық істерін бақылауға алу және тоқтатылып архивке жіберілген істерді зерделеуді;
- Екіжақты реституцияны жан-жақты қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінен:
- Жедел әрекет етуді қамтамасыз ету:
- Істерді негізсіз әлеуметтік жанжалға айналдыру:
- Дропперлердің есепшоттарын жылдам анықтау және бұғаттау шараларын күшейтуді сұрады.
«Киберқауіпсіздік және ұйымдасқан қылмыспен күрес бойынша ҰҚК басшысының жүйелі шаралар қабылдау әрекеттерін ескере отырып, қылмыстық істерді тергеуде және азаматтарды киберқылмыскерлерден қорғауға бағытталған шешімдер әзірлеуге ықпал етуді сұраймыз. Жасырын арнайы операция» деген жалған желеулермен жасалатын қылмыстардың жедел алдын алу жұмыстарын тағы да күшейтуді талап етеміз», — дейді депутат.
Осыған сәйкес, ЖСДП фракциясы келесідей ұсыныстар береді:
- Мемлекеттік өтемақы қорын құру: Онда алаяқтың кесірінен сот шешімі шығып, баспанасынан айрылған және кінәлі тұлғалардан қаражатты өндіре алмаған жандарға өтемақы төлеу механизмін әзірлеу.
- Жалғыз баспанаға қатысты мәмілелерді міндетті нотариалдық куәландыру механизімін енгізу: Нотариус сатушының әрекет қабілеттілігін терең тексеріп, психиатр/наркодиспансер анықтамаларын сұрауды талап ету және тараптардың мәмілерін толық бейнежазба арқылы тіркеуді енгізу.
- Күту мерзімін енгізу: Әсіресе жалғыз баспанасын немесе қарт адамдар саудалайтын жылжымайтын мүлк бойынша мәмілелерге 7–30 күндік күту мерзімін енгізу. Осы кезеңде заңсыз тіркеу әрекеттері немесе қаражат аудару тоқтатылуы тиіс.
- Дропперлер арқылы қаражатты шығару істерін тиімді тергеуді қамтамасыз ету: Азаматтық кодекстің 953-бабын қолдана отырып, қаражатты қайтару мүмкіндігін арттыру мәселесін оңтайландыру қажет деп есептейміз.
